Астанада спортшылар Жамбы ату мен Теңге ілуден өзара мықтыны анықтады

Астанада спортшылар Жамбы ату мен Теңге ілуден өзара мықтыны анықтады. Шара «Ұлы дала рухы» фестивалі аясында өтті. Бұл жарыс үлкен сайыстың іріктеу кезеңі ғана. Мұнда 30-ға жуық спортшы бағын сынады.

АЙНҰР ОРАЗОВА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

 - «Ұлы дала рухы» фестивалі елордамыздың 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Спорттық сайыстың іріктеу кезеңдері еліміздің  4 өңірінде өткізіліп жатыр. Бүгін оңтүстік өңірлер Жамбы ату мен Теңге ілуден өзара мықтыны анықтады. Ал, дәл қазір Шымкент қаласында Тоғызқұмалақ, Асық ату және Қазақша күрес бойынша сайыстар жүргізілуде.

Астанадағы жарыста түркістандықтар көш бастап, Теңге алудан 10 ұпайға қол жеткізіп, фестивальдің ақтық сынына жолдама алды.

ҒАЛЫМЖАН ІЗЖАНОВ, ЖЕҢІМПАЗ:

 - Қыркүйекте «Ұлы дала рухы» фестивалінің финалы болады. Сонда үлкен нәтижеге жетіп, Түркістан облысының туын көтергім келеді. 2021-де ұлттық спорттан олимпиада болады. Сол олимпиадада Қазақтың туын желбірету – менің басты мақсатым.

Қыркүйектің 11-і мен 16-сы күндері елордамызда өтетін ақтық кезеңге бүкіл республикадан 700-ден астам спортшы жиналады. Олардың арасында Көкпар, Бәйге, Аударыспақ, Теңге ілу, Жамбы ату, Қазақ күресі, Тоғызқұмалақ, Асық атуды игерген сайыпқырандар бар.