Маралды көлінің туристік әлеуеті

Қазақстанда туризмнің сан түрін дамытуға мүмкіндік мол. Әлеуеті зор бағыттардың бірі – емдік демалыс. Ертіс өңіріндегі Маралды көлі елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де танымал. Киелі мекеннің қасиетті тұзды көлі мен саз-балшығына қызығушылық танытқандар көп. Тың жобалардың арқасында былтырғы демалыс маусымында мұнда 50 мыңнан астам турист келсе, биылғы жылы олардың қатары 70 мыңнан асады деп күтілуде.

САНДУҒАШ КЕНЖЕБАЕВА,  ДЕМАЛУШЫ:

-  Маралды көліне демалу үшін келдік арнайы. Шипалы батпақты денемізге жағып, ем алу үшін келдік. Мұндағылар емді батпақ дейді. Бүгін емес, 2-3 жыл қатарынан келіп жүрміз. Керемет, бізге ұнайды.

Демалушыларды көлдің тұзды суы, шипалы батпағы қызықтырады. Бұл көлде емді батпақтың 4 түрі бар. Туристік инфрақұрылымдық дамыту бағытында жоспарлар көп. Мәселен, 150 млн теңге құйылып, алып аквапарк салынады. Сонымен қатар көл жағалауы мен көлік тұрағы кеңейтілмек.

ЖАНАР ЖАҚАНОВА, ДЕМАЛЫС ОРНЫНЫҢ ӨКІЛІ:

-  Қазіргі таңда үлкен сахна, сауықтыру нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Балаларға арналған алаң да салынады. Болашақта тұзды көлдің маңы ұлттық стильдегі демалыс орталығына айналады.

Айта кетейік, болашақта Маралды көлі тек демалыс ошағы ғана емес, емдеу-сауықтыру орталығына айналмақ. Алдағы уақытта көлдің маңында марал мүйізімен емдейтін шипажай ашылады. Қазіргі уақытта 54 марал әкелініп, өсіріліп жатыр.

БОРАНБАЙ МАРДАНОВ, МАРАЛ ӨСІРУШІ:

-  Осында марал ұстаймыз. Міне, 50 бас марал. Алдымыздағы мына 2-3 бас биылғы жылы төлдейтін болады. 10 бас еркегі бар. Осылай күнде жем беріп тұрамыз. Бұлар қолға үйренген.

Шарбақты ауданында ішкі турзимді дамытуда талпыныс бар. Бұл өңір Шалдай орманы, тұзды көлдер мен қасиетті жерлерге бай. Демалушыларды тарту мақсатында 250 шақырымдық туристік бағыт ашылмақ. Тынығушылар Маралды көліне келіп қана қоймай, Ғабдул Хазірет кесенесіне зиярат ету мүмкіндігіне ие болмақ.