«Asia Media Dialogue» форумы

Астанада «Азияның медиа диологы» форумының жұмысы жалғасуда. Отандық және шетел журналистерінің басқосуында әлемнің 40-қа тарта елдерінің медиа ұйым өкілдері қатысып, өзекті тақырыптарда пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісуде. Негізінен «бүгінгі аудиторияның сұранысына орай қандай өнімдер қажет?» деген сұрақ әңгіме өзегіне айналды. Осы төңіректегі ойларымен қаламы қарымды тілшілер, тәжірибелі медиа менеджерлері мен сарапшылар бөлісті.  Бұл орайда салаға заманауи үлгідегі технологияларды ендіру жағы да ұмыт қалмады. NHK ірі телерадио корпорация өкілінің айтуынша, соңғы зерттеу өнертабыстарын теле өндіріс қызметінде пайдалану мамандардың жұмысын жеңілдетіп, аудиторияны кеңейтудің кепілі болмақ.   

МАСАКАЗУ ИУАКИ, NHK ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

NHK жаңа технологиялар сәтті ендіріліп жатыр. Мәселен, біздің базада жасанды интеллект бойынша жұмыс жасайтын бағдарлама қолданылады. Ақылды жүйе әлеуметтік желілердегі жаңалықтарды өзі іріктей алады.

«Азияның медиа диологы» форумы Қазақстан мен Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының тұңғыш бірлескен ірі жобасы бірден жемісін беруде. Екі күннің ішінде жергілікті және шетел БАҚ-ның өкілдері саланың озық технологияларымен танысып, әріптестерінен білмегенін ойларына түйіп алды. Танымдық кездесулер, шеберлік сабақтарына қатысқан журналистер ақпарат, тәжірибе алмасумен қатар өзара тығыз байланыс орнатып, келіссөздер жүргізудің мүмкіндігіне ие болды. Мәселен, форум аясында «Хабар» Агенттігі мен Макаоның мемлекеттік телеарнасы ынтымақтастық жөнінде меморандум жасасты. Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының бас хатшысы Джавада Моттагидің айтуынша, жиын қатысушыларына XXI ғасырдың медиа саласының әлеуетіне өзгеше қырынан қарауына сеп болды.  

ДЖАВАД МОТТАГИ, ГЕНЕРАЛЬНЫЙ СЕКРЕТАРЬ АЗИАТСКО-ТИХООКЕАНСКОГО ВЕЩАТЕЛЬНОГО СОЮЗА:

Мен Қазақстан мен басқа да Азия елдері қарқынды дамып келетініне көз жеткіздім. Әсіресе өндіріс пен технологиялар жақсы жолға қойылғанын байқадым. Технологиялар – медиа саласының ажырамас бөлігі, олардың дамуы БАҚ мүмкіндіктерін жетілдіреді, өнімнің сапасын арттырып, өндіріс құнын арзандатуға сеп болады. Нәтижесінде басты сыншы аудиторияның қатары кеңейе түседі. Сондықтан бұл орайда Қазақстан мен Азия елдерінің әлеуеті зор деп сенімді түрде айта аламын.