Елордада «жасыл» технологиялар белсенді түрде енгізілуде

Елордада баламалы энергетика саласындағы инновациялық жобалар белсенді түрде енгізілуде. Қазірдің өзінде бас қалада бірегей деп танылған 17 инновациялық бастама нәтижелі жүзеге асырылуда. Соның үшеуін қазақстандық өнертапқыштар ойлап тапқан. Отандық ғалымдар еңбегінің ішінде «Болотов» қондырғысы бар. Ол өндірілген электр қуатын қалалық желіге жібереді. Сонымен қатар мына күн панельдері кемінде бір аялдаманы жарық немесе жылумен қамтамасыз етеді. Бұл елордада орнатылған «жасыл» технологияға негізделген қондырғылардың бір парасы ғана. Автономды бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер жолына орнатылған қондырғылар және ауаны тазартатын экологиялық шамдар да бас шаһарда үздіксіз жұмыс істеп тұр.

МАҚСАТ ЕСМАҒҰЛОВ, ҚАЛА ӘКІМДІГІ ОТЫН-ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Бұл жобалардың әрқайсысы өзінше ерекше. Барлығы күн немесе желден қуат алады. Мәселен, мына нысан гаджеттерді қуаттауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге қаланың екі көшесін толықтай «жасыл энергияға» ауыстырдық. Сондай-ақ бірқатар саябақтар мен гүл бақтарына LED жарықтандыру мен қуат үнемдегіш, баламалы қуат көзін тұтынатын шамдар орнаттық.

«ЭКСПО» көрмесінен кейін 100 үздік «жасыл» идея іріктеліп алынған болатын. Олар еліміздің ірі өндіріс орындарында рет-ретімен енгізіліп жатыр. Мысалы, кәсіпорындарда орнатылған күн электр станциялары қуатқа деген қажеттілікті толықтай қамтамасыз етіп отыр.

НАЗГҮЛ ТӘЛІПОВА, КӘСІПОРЫННЫҢ БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫ:

 - Күн батареяларын қолдана отырып, қоршаған ортаны зиянды заттармен ластамаймыз. Экологияны көмір, мұнай, газ сынды отындардан қорғауға үлес қосып отырмыз. Екіншіден, бюджет қаржысы да үнемделуде. Бұл технология бүгінгі таңда ең өзекті және әлемде кең таралған.

«Елорда – жаңартылған қуат көзі қондырғылары орнатылған ірі алаң» деп деп нық сеніммен айтуға болады.

САУАЛНАМА:

 - Біздің мемлекет экологияға үлкен көңіл бөледі. Мысалы, велосипедтерді айтуға болады. Сонымен қатар мен сол жағалауда таза энергия бөлетін күн батареяларын да байқадым.

 - Жасыл технологиялар қоғамның ажырамас бөлігі болуға тиіс. Оларды тұрмыста пайдалану өте дұрыс. Астана дұрыс жолда келеді.

 - Менің білуімше, бұл – бір үнемді нұсқалардың бірі. Күннен біз электр энергиясын өндіреміз. Қазір бұл өте өзекті әрі үнемді.

2019 жылдың соңына дейін елорда көшелері толығымен жарық-диотты шамдармен жарақталатын болады. Сонымен бірге жылы тротуарлар мен ақылды жаяу жүргінші жолдары да пайда болады.