Ригада «Латвия-Қазақстан ынтымақтастығының болашағы» талқыланды. Қос елдің іскер топ өкілдері сауда-экономикалық, туристік және мәдени байланысты дамыту жайын сөз етті. Оңтүстіктегі мегаполис мыңжылдық тарихымен, тау шаңғы курорттарымен, экотуризммен, сәулет және мұражай ескерткіштерімен танымал. Саяхатшылардың санын арттыруды көздеген қала әкімшілігін Риганың туризмді дамыту саласындағы мол тәжірибесі қызықтырып отыр.

САҒЫНБЕК БЕКМАҒАМБЕТОВ, АЛМАТЫ ТУРИЗМ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ригада туризм бұрыннан дамыған. Соңғы 9 жылда осы қалаға келетін саяхатшылар саны 2 миллионға дейін өскен екен. Бұл керемет көрсеткіш, сондықтан ригалық әріптестеріміздің тәжірибесінен үйреніп, қабылдайтын дүние көп. Осы бағытта ынтымақтастығымызды дамытамыз.

ИГОРЬ ПУНТУС, БАЛТЫҚ-ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ КЕҢЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Әрине, бұл бизнеске және туризмге көмектеседі. Жақында бізге Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары келген еді. Оның мақсаты осы стартаптар мен бизнесті тарту болған.

Тарихи және мәдени мұраға бай Алматы облысы енді Латвия туристері үшін де есігін айқара ашады. Тікелей әуе рейсі екі елдің де тұрғындарының көңілінен шығып отыр. Бүгінгі күні осы бағдармен қатынаған жолаушылар саны 2 мыңнан асып, жаздың аяғына дейінгі билеттерге 11 мыңнан аса тапсырыс түскен.

СВЕТЛАНА АБАШКИНА, ӘУЕКОМПАНИЯНЫҢ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР БОЙЫНША ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біз Қазақстан жағынан да, Латвия жағынан да осы рейске сұранысқа ризамыз. Әрине, арасында Риганы транзит орны ретінде таңдап, Еуропа, Ресей, Скандинавия елдерінен Қазақстанға ұшатындар да бар.  Әзірше бұл маусымдап қатынайтын рейс, бірақ 1 ай өткенде-ақ, келесі жазда да осындай жиілікпен, аптасына 3 рет қатынаймыз деп шештік.

Ендігі кезекте Латвия делегациясы Алматыға арнайы келіп, өңірдегі туристік мүмкіндіктерді өз көзімен көре алады. Сонымен бірге Риганың да бұл саладағы әлеуетін таныстыруға мүмкіндік береді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер