Ақтөбеде рентген түсірілімдері бірден электронды форматта берілетін болды

Цифрлы Қазақстан ұлттық экономиканың барлық салаларында жылдам дамып келеді. Бұл жүйе медициналық қызметтің тиімділігін де арттыруда. Енді Ақтөбеде Цифрлы жүйенің көмегімен рентген түсірілімдері бірден электронды форматта беріледі. Құны 170 млн теңге тұратын «PACS»  жүйесі облыс пен Оңтүстік Корея арасында қол жеткізілген меморандум аясында орнатылған. Бұған дейін, шетелдік әріптестер телемедицинаға қажетті қондырғыларды жеткізген. Жалпы, осыдан 1 жыл бұрын қаланың емханалары мен ауруханалары бірыңғай ақпараттық жүйеге қосылды.

ӘСЕТ ҚАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Рентген жасалған визуализациялық әдістердің барлығын смартфонмен, компьютермен тікелей тексеріс жасаған жерден автоматты түрде дәрігерлер өз жұмыс орнында көруге мүмкіндігі бар.

Ал елордалық дәрігерлер тың технологиямен операция жасады. Олар қояншық ауруының ұстап қалу жиілігін 3-5 жылға дейін ұзартудың амалын тауып, жүйке стимуляторын тікті. Жаңа жүйе жұмысын Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Грузиядан 10 хирург  бақылады.  Олар Астанаға тәжірибе алмасу мен білім жинау үшін арнайы келген. Айта кету қажет, аталмыш елдерде бұндай оталарды жасау енді қолға алына бастаған.

АНДРЕЙ КИМ, НЕЙРОХИРУРГ /ӨЗБЕКСТАН/:

 - Бұл шеберлік сыныптың біздің тәжірибемізге әкелетін пайдасы мол. Әріптестерімізбен тәжірибе алмасу арқылы біз білімімізді шыңдандырамыз. Әр жерде түрлі тәсіл мен қырларын үйренеміз.

Жүйке жүйесі стимуляторының имплантациясынан бөлек, еліміздің білікті хирург дәрігерлері ми түтікшелерінің тігісі жайлы шеберлік сыныбын өткізуде. Бұл техниканы инсульттің алдын алу үшін пайдаланады.