Қазақстан туризм саласын жоспарлы түрде дамытуда

Қазақстан туризм саласын жоспарлы түрде дамытуда. Бүкіләлемдік экономикалық форумда ұсынылған дерекке сәйкес, былтырғы жылы Қазақстан туризмнің әлемдік бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша өз позициясын 4% жақсартты. Бүгінде республикада 2023 жылға дейін саланы дамытудың жаңартылған тұжырымдамасы қабылданған. Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылға қарай еліміздің жалпы ішкі өніміндегі туризмнің үлесі 8% құрайды.

Қазақстан табиғи сұлулыққа бай – Бурабай, Балқаш, Алакөлді атасақ та жетеді. Олар әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшыларды тәнті етпей қоймайды. Туристік операторлардың пікірінше, қазақстандықтар өз отанында демалуды жиі таңдайды.

АЙЖАН КӘРІМОВА, ТУРИСТІК АГЕНТТІКТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Көбінесе емделіп-демалуға барады. Олар – Балқаш, Алакөл тағы басқа курорттық аймақтар. Жыл сайын бұның бәрі дамып келеді.

Бурабайдың көптеген қонақ үйлері күніне 10 мыңға жуық адамды қабылдайды, соның өзінде туристерге таңдау жетерлік. Онымен қоса курорт үнемі дамып отырады. Мәселен, биылғы жылы дүкендердің дизайны бір стильге келтірілген. Сонымен қатар менеджерлер саяхатшылар үшін жаңа бағыттар мен іс-шаралар дайындап қойған.

АЗАМАТ БАЙМҰҚАНОВ, БІРЫҢҒАЙ БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Жақын күндері біз киіз үйлердің фестивалін өткіземіз. Бұл шараға барлық аудан қатысып, қазақтың төл өнерін, салт-дәстүрін көрсетеді. Ұлттық ойын Бәйге ұйымдастырылады. Ол биыл 3-ші рет өткелі отыр.

Қазақстанда медициналық туризм де даму үстінде. Қазақстандық және шетелдік саяхатшылар арасында Сарыағаш пен Алакөлдегі шипажайлар сұранысқа ие. Айтпақшы, осындай шипажайлар желісі іс жүзінде Қытаймен шекаралас аумақта орналасқан. Қашықтыққа қарамастан, демалуға және емдеуге ниет білдірушілердің қатары жыл сайын өсіп келеді және бұл жергілікті кәсіпкерлерге қызметтің деңгейін көтеруге және жақсартуға мүмкіндік береді.

РУБИК МЕХТИЕВ, ТУРИСТ:

 - Өте жақсы қарсы алды, өте жақсы қабылдады. Сервис пен тағамдары жақсы, суға да жақсы шомылдық.

СЫМБАТ ТӨЛЕБАЕВА, САНАТОРИЙ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Біз шамамен 200 адамды қабылдай аламыз. Демалыс күндері 100% жұмыс жасаймыз. Бізге келушілердің көбісі шетелдіктер, олар көбінесе Латвия, Ресей және Қытайдан келеді.

Қазақстандықтардың немесе еліміздің қонақтары үшін ең танымалы демалыс күндегі ішкі турлар. Олар ұйымдасқан түрде таулар, емдік көлдер, каньондармен танысу үшін аттанады. Сонымен қатар жаңа логистикалық шешімдер пайда болады: Алматы мен Астанадан жазғы рейстер 2 бағыт бойынша – Балқаш пен Алакөлде іске қосылады.

РАШИД КҮЗЕМБАЕВ, «KAZAKH TOURISM» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Өткен жылмен салыстырғанда елдегі ішкі туризм 20%-ға өсті. Әрине, басты себеп ЭКСПО болды және де көптеген іс-шаралар өткізілді. Осы жылға қойылған жоспарымыз – туризм көрсеткіштерін бір деңгейде сақтап қалу. Биылғы жылы елорданың 20 жылдығына орай біз қонақтарды күтеміз.

Ал Астанада туристерге қалада серуендеу ұсынылады. Бүгінде гидтер арсеналында уақыт пен бағыт бойынша 10 шақты әр түрлі тур бар. Айтпақшы, жыл басынан бері елдің туристік кластері салық түрінде бюджетке шамамен 1,5 млрд теңге кіріс алып келді. Сарапшылардың пікірінше, бұл республикаға деген қызығушылықтың артуына айқын көрсеткіш. Қазақстан туристерді сан алуан қырымен тартады. Бұдан басқа, қызмет көрсету деңгейінің көтерілуі, маршруттар ауқымының кеңеюі және қонақ үйлер, мейманхана, кафелер мен мейрамханалар санының көбеюі үлкен рөл атқарады. Айта кетейік, туризмді одан әрі дамыту үшін биылғы жылы Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы саланы басқаруда халықаралық стандарттарды енгізуді жоспарлап отыр.