Цифрлық экономика әлеуеті, кибер-қауіпсіздік пен жаңа IT-технологиялар. Елордада ғаламторды басқару мәселелеріне арналған ортаазиялық форум өтті. Дәстүрлі жиын ТМД, Еуропа мен Америка елдерінен 200-ден астам сала мамандарының басын қосты.

ТАТТУ МАМБЕТАЛИЕВ,  «ИНТЕРНЕТ САЯСАТЫ АЗАМАТТЫҚ БАСТАМАЛАРЫ» ҚҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл осымен үшінші рет өтіп жатқан форум. Алғашқысы Бішкекте өткен болатын. Кейін Душанбеде бас қостық. Енді міне дәстүрлі форум қатысушыларын Астана қаласы қарсы алып отыр. Одан соң эстафета Ташкент қаласына табысталса, бір жылдан соң жиын Ашхабатта ұйымдастырылмақ. Жылда түрлі тақырыптар қамтылады. Себебі Орталық Азия елдерінің өздеріне тән мәселелерін бірігіп шешу жолдарын талқылаймыз.

Шетелдің жетекші мамандары сала бойынша аймаққа қатысты өзекті деген мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Жиын аясында ұлттық және жаһандық деңгейдегі сұрақтар қызу талқыға түсті. Интернетті реттеуден бастап кең жолақты желіге қол жеткізудің амал-тәсілдері бірлесіп ізделді. Халықаралық сарапшылар ғаламтор өңірдің жалпы саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларының дамуына тікелей әсер ететінін айтады.

ВЛАДИМИР СВАНАДЗЕ, «ИНТЕРНЕТТІ ДАМЫТУ БОЙЫНША БАСТАМАСЫ» ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ /ГРУЗИЯ/:

 - Мен Грузия жайында айтар болсам, біз осымен кибер қауіпсіздік бойынша үшінші стратегияны жүзеге асырып жатырмыз. Сондықтан көршілес елдердегі әріптестерімізбен өзіміздің тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан мемлекеттері кибер қауіпсіздік мәселелеріне үлкен көңіл бөледі. Біз өз кезегімізде бүгінге дейін жиып-терген бар ақпаратпен алмасатын боламыз.

Шараға қатысушылардың айтуынша, форум интернетті басқару мен реттеудің саяси және техникалық үрдістеріне қатысты мәселелердің нақты шешімдерін іздейтін дәстүрлі пікір-талас алаңына айналып отыр. Нәтижелі отырыстардың  қорытындысы бойынша, жылда аймақтық және халықаралық тәжірибелерге негізделген ұсыныстар әзірленеді.

АЛЕКСАНДРА КУЛИКОВА, ICANN КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ШЫҒЫС ЕУРОПА ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША АЙМАҚТЫҚ ӨКІЛІ:

 - Біз осы жиын қолға алынғалы үшінші жыл қатарынан ортаазиялық форумның тұрақты әріптесі болып келеміз. Осы уақыт аралығында жиынның беделі артып, талай мәселенің басы қайырылды. Бұл форум шын мәнінде түрлі техникалық кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдар мен бизнес қауымдастығы өкілдерінің интернет саласын басқарып жетілдіру  бойынша өзара тығыз қарым-қатынас орнатуға жол ашқан алаңға айналды.  

Айта кетейік, форум БҰҰ қолдауымен 2006 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алдағы жылы жиын Ташкентте өтеді деп жоспарлануда.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер