ҚХА «Қазақтану» жобасын қолға алды

Енді елдегі этностардың арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасы белсенді насихаттамақ. 3 жылға есептелген жобаның мақсаты – біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту. Әрі елдегі қоғамдық келісімнің ұйытқысы мен үйлестірушісі – қазақ халқы екенін таныту.  

ЛЕОНИД ПРОКОПЕНКО, ҚХА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Алғашқы республикалық дәрістерді бастаймыз. Аталмыш «Қазақтану» сабақтары облыстарда, аудан, ауылдарда өтеді. Онда, негізінен, қазақтардың қиналғанға көмек қолын созуға дайын тұратын қасиеті, жер аударылған талай ұлтты аман алып қалғаны туралы айтылады.

БЕРІК ӘБДІҒАЛИЕВ, «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Шын мәнінде, қазақ елінің тарихын, мінезін, тілін біліп, бүкіл ұлттар қазақтың төңірегінде біріксе, тұрақтылықтың кепілі сол. Ежелден келе жатқан тарихи, киелі, қасиетті нышандар – бұл да елді біріктіретін ұлттық бірегейлік.

Жобаны іске асыруға Ассамблея мүшелері мен еліміздің 4 Министрлігі мен барлық өңірлердегі әкімдік өкілдері айналысатын болады. Жақын арада облыстарда 10 бағыт бойынша әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.