Түркістан – түркі әлемінің бесігі

Ғасырлар бойы күллі түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына облыс мәртебесін беру – түркиялық қандастарымызды зор қуанышқа бөледі. Түркия мемлекеті басшысы мен лауазымды тұлғалар елімізде жұмыс сапармен болғанда, көне шаһарға ат басын бұрмай кетпейді. Саяхаттап келген түрік туристері де тарихи орындарға зиярат етуді Ясауи кесенесінен бастайды. Өйткені түрік халқы киелі Түркістанды ұлы ойшыл,  күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған Қожа Ахмет Ясауидің туып-өскен жері ретінде жақсы біледі. Ясауи ілімінің арқасында Мансұр ата, Әбдімәлік ата, Ахи Эвран, Қажы Бекташ Уәли, Мәулана Жалаладдин Руми мен Юнус Эмре сынды түрік руханиятының көрнекті тұлғалары өсіп шықты.

ЭРТИН АРДА, СТАМБҰЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Түркістан – стамбұлдықтар үшін, түріктер үшін өте маңызды қала. Қожа Ахмет Ясауидің шәкірттері Анадолыға келіп, ағартушылықпен айналысты. Олар түріктің әдебиет әлемі мен мәдени өміріне өлшеусіз үлес қосқанын тарихтан жақсы білеміз. Сол себепті, біз ұлы ойшылдың туған жері, қасиетті Түркістан қаласын рухани астанамыз деп есептейміз. Атағы алысқа жайылған даңқты шаһар тарихи тұғырына қайта қоныпты. Бұл өлкеден әлі талай марқасқалар шықсын деп тілеймін.