Қазіргі таңда Қазақстанда жалпы қуаты 336 мегаваттық 55 жаңартылған энергия көздері нысандары жұмыс істейді. Олардың бірі – Жамбыл облысында тұрғызылған «Бурное» күн электр станциясы. Бұл – құны 123 миллион долларды құрайтын Орталық Азиядағы ең ірі жоба. Жалпы сомасының 91 миллионын халықаралық қаржы институттары инвестицияласа, қалғаны – жобаға қатысушылардың өз қаражаты. Ал алдағы 2 жылда Қазақстанда тағы бір күн және биогаз станциялары бой көтермек. Сондай-ақ жиынтық қуаты 20 МВт болатын 4 ГЭС салынады. Жобалар инвесторлардың көмегімен іске асырылатын болады. Бүгінде Қазақстан, Қытай, Ресей, Түркия, БАӘ және Болгария елдерінің 53 компаниясы сауда-саттық алаңына қатысқан. Аукцион қорытындылары бойынша, 15 компания мерзімі 15 жылға дейінгі келісімшартқа қол қоя алады.

МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Қазақстандағы көктемгі сауда-саттық қорытындысы бойынша, Алматы және Қызылорда облыстарында жалпы көлемі 23 млрд теңгені құрайтын максималды қуаттылығы 63 МВт болатын 4 күн электр станциясы 2 жыл ішінде іске асырылатын болады. Ал Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында 3 жыл ішінде қуаттылығы 105,8 МВт-тық 10 жел және 1 биогаз станциялары жұмыс істейтін болады.

Қазіргі таңда Қарағанды облысында Күн электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Жалпы құны 46 миллион доллар болатын жобаға инвестицияны шетелдік компаниялар құйып отыр. Мамандардың айтуынша, Балқаш қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан станция – баламалы қуат көзін алуға аса қолайлы жер. Күн радиациясының жоғары коэффициенті мен ауа райы ашықтығы мұнда қажетті температура кестесіне сай. Стансаның аумағы 100 гектарды құрайды, қуаттылығы – 40 МВт.

АНАТОЛИЙ ШКАРУПА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Станцияның тура жанынан 110 киловольттық электр желісі өтеді. Күн панельдері өндіретін қуат көзінің барлығы сол арқылы орталықтандырылған станцияға жеткізіледі. МынауЖезқазған РЭГ электр тарату желісі.

Барлық жұмыстарды  10 айдың ішінде орындау жоспарланып отыр. Қараша айында қуаты 100 МВт болатын Саран қаласы маңындағы станцияның монтаждау жұмысын аяқтау күтілуде. Облыста барлығы 3 күн станциясы салынуда. Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, Қазақстанда 2020 жылға дейін инвестицияның жалпы көлемі шамамен 1 трлн теңгеге жететін жиынтық қуаты 2 гигаваттық 52 ЖЭК нысандары қолданысқа енгізілетін болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер