Бакуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітаптың тұсаукесері өтті

Бакуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітаптың тұсаукесері өтті. Әзербайжан тілінде жарық көрген тың туынды – Гейдар Әлиев орталығы мен Қазақстан Президенті кітапханасының ортақ жобасы. Алғысөз авторы Али Гасанов Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болып жүзеге асырылған реформалар бүгінде өзге мемлекеттерге үлгі болып отырғанын атап көрсетті.

АЛИ ГАСАНОВ, ӘЗІРБАЙЖАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША КӨМЕКШІСІ:

 - Ұлттық көшбасшылар туралы кітаптарды таныстыру арқылы біз халықтарымызды жақындастыруды, мемлекеттің жарқын қайраткерлерінің өмірімен таныстыруды мақсат еттік. Қазақстан мен Әзербайжан басшылары стратегиялық байланысты бекемдеуге ерекше мән береді.

Әзербайжан оқырмандары кітаптан Президент Назарбаевтың қызметімен танысып қана қоймай, егемен Қазақстанның тарихы, экономикалық дамуы мен қазақ елінің мәдениеті жайлы да оқып біле алады.

МАХМҰД ҚАСЫМБЕКОВ, КІТАП АВТОРЫ:

-  Ол біздің алғашқы жоба емес. Егер естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын Астанада Гейдар Алиев туралы кітаптың тұсаукесері болған еді. Ол еңбек қазақ қоғамында ерекше қызығушылық тудырды. Меніңше, мұндай бірлескен жобалар біздің достық қарым-қатынасымызды нығайта түседі.

Шараға Әзербайжан елінің қоғам қайраткерлері, ғалымдар, парламент депутаттары қатысты. Сондай-ақ келушілер назарына Қазақстан Президентінің өмір жолын арқау еткен «Уақыт таңдауы» атты деректі фильм ұсынылды.