Түбі бір түркі әлемінің шежірелі руханиятын жаңғырту. Бауырлас халықтардың қазыналы мұраларын насихаттап, төрткүл дүниеге паш ету. Осындай бастама арқа төрінде өткен «Ұлы Дала» ІІІ Гуманитарлық ғылымдар форумында көтерілді. Жиынға қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ұлы Дала кеңістігінің тарихы мен тағылымы бірлесе зерттеліп, зерделенуі керектігін  атап өтті.

ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

 - Осы орайда бәріміздің басты міндетіміз – әлемде түркі елдерінің бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Ол үшін зияткерлік ұлт қалыптастыру қажет. Бұл ретте қазіргі технологиялық орта, коммуникация, сондай-ақ XXI ғасырдағы ғылым-білім талаптарына сай болып, заман көшіне ілесіп, қарыштап дамуы үшін Мемлекет басшысының тікелей нұсқауымен Қазақстанның латын қарпіне көшуді бастауы – аса маңызды қадам.

Елордада бас қосқан 250-ге жуық халықаралық ғалымдар мен сарапшылар, түркі әлеміндегі ғылымды дамыту мәселелерін кеңінен талқыға салды. Бұл орайда көненің көздері ортақ тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашуда «көп көтерген жүк жеңіл» деген қағидаттың орындылығын негізге алып жұмыла  жұмыс істеуге ниет танытты. Ғалымдардың бірлескен жобалары қазірдің өзінде жемісін беруде.

ЧУЛУУН ШАМПИЛДОНДОВ, МОҢҒОЛИЯ ТАРИХИ ҒЫЛЫМДАРЫ  ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Соңғы 4 жылда біздің археологтар Түркі академиясымен бірігіп, ежелгі түркі қағанатының жер қоймаларынан құралған комплексті қазды. Ол Орталық Моңғолияда орналасқан. Қазба жұмысының нәтижесінде VII-VIII ғасырда қолданылған тастар, жертөлелер және құрбандық шалу материалдары табылды. Енді Қазақстанда «Моңғолиятану» орталықтарын ашуды жоспарлап отырмыз.  Оның аясында қазақ, орыс және моңғол тілдерінде Моңғолияда жүргізілген экспедициялар туралы  кітаптар мен жинақтар шығармақпыз.

Жалпы 6 бірдей секциядан құралған форумда әдебиет, қала мәдениеті, тұрмыстық салты сабақтас түркі әлемінің болмысын барынша ашу жолдары қарастырылды.    

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер