Астанада авиация мамандарын даярлайтын аймақтық оқу орталығы ашылады. Оның жұмысына авиация саласының ең үздік мамандары мен сарапшыларын тарту көзделген. Салалық ведомствоның ақпаратына сәйкес, институт қызметі халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Бұл жерде Орталық Азия елдерінен курсанттар келіп, дайындалып, біліктіліктерін шыңдай алады.

ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ, АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

-  Бүгінде ұшу құрамы, одан кейін әуе кемелеріне қызмет көрсететін инженерлік-техникалық мамандарға сұраныс көп. Қазір әуе компаниялары ұшқыштарды дайындауды өз қолдарына алып, оқуға, тағылымдамадан өтуге жібереді. Техникалық мамандарды да өздері дайындайды. Қазақстанда тиісті оқу орындары бар. Бірақ кадрлар талаптарға сай келе бермейді.

Соңғы кезде тасымал қызметтеріне деген сұраныс күрт өскен. Сол себепті салада маман тапшы.  Аймақтық дәрежедегі институт осы мәселені шешуге үлес қоспақ. Ресми мәлімет бойынша, 2017 жылы отандық әуе компаниялардың қызметін 14 миллионнан астам адам пайдаланған. 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 35 пайызға арттыру жоспарлануда. Бүгінде қазақстандықтар көбінесе Түркия, БАӘ мен Қытайға сапар шегеді. Ұшу қауіпсіздігіне елімізде 20 мың маман жауапты. Алайда бұл жеткіліксіз.

МАҚАШ ӘБІШЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҰШҚЫШЫ:

 - Бізде бұрын әр қалада, әр облыста жасақтар құрылып, дайындық жүргізілетін.  Мысалы, АН-2 ұшағында ұшқыш тиесілі уақытты ұшып өтуі керек. Содан кейін үлкен ұшақты басқаруға рұқсат алады.

Қазақстанда, сондай-ақ шағын авиацияны дамытумен байланысты мәселелер бар. Заманауи талаптарға сай инфрақұрылым жасау үшін 23 млрд астам қаражат керек. Сонымен қатар елімізде авиация саласының британдық моделін енгізу қарастырылуда. Жобаны табысты іске асыру мақсатында республикада ұлттық компания құрылатын болады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер