Қазақстанның «болашақ экономикасы» салаларын қалыптастыру жолдарының бірі – жаңартылатын энергияны дамыту. Бұл мәселе елордада өткен жаңартылатын энергия көздеріне арналған II саммитте қаралды. Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі тұжырымдама жиынның маңызды тақырыптарының біріне айналды. Бүгінге дейін елде саланы реттейтін мұндай құжат болмаған. Сондықтан саммит қорытындысы бойынша қабылданған жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі декларация Қазақстанның баламалы энергетика саласына халықаралық тәжірибе мен  инвестиция тартуға жол ашпақ.

РАДЖЕНДРА ПАЧАУРИ, ТҰРАҚТЫ ДАМУ БОЙЫНША ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ФОРУМНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Жаңартылатын энергия көздерін дамытуда Қазақстанның әлеуеті зор. Сіздерде жел мен күн жеткілікті. Тұрғындар саны да көп емес. Менің ойымша, алдағы уақытта Қазақстанның баламалы энергетиканы дамыту жолы өзге елдерге, әсіресе, Орталық Азия аймағына үлгі бола алады. 

«Болашақ экономикасын» қалыптастыруда жаңартылатын энергия көздері жобаларының маңызы зор. Олардың дені алғашқы аукцион сатылымында іріктелді. Бәссауданы өткізуде «КОРЭМ» электронды сауда алаңы қолданылды. Процесс барынша ашық түрде өтті. Инвесторларға жел, күн, электр станциялары сынды жаңартылатын энергия көздерінің барлық түрлері ұсынылды. Сатылым қорытындысынан Энергетика министрі Қанат Бозымбаев хабардар етті.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

 - 2 жыл ішінде елде жалпы қуаттылығы 68 МВт 4 күн электр станциясы салынбақ. Алматы және Қызылорда өңірлеріндегі жобаларға 23 млрд теңге инвестиция бағыттау көзделуде. 3 жыл ішінде 10 жел және 1 биогаз электр стансалары жүзеге асырылады. Олардың жалпы қуаттылығы 106 МВт-қа жетпек. 36 млрд теңге инвестиция бағыттау жоспарланып отыр.

Аукциондарды өткізудің арқасында 2013 жылы қабылданған шектік тарифтерді төмендету мүмкін болды. Сатылымның келесі сессиясы осы жылдың қазан айына жоспарланған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер