Астанада Халықаралық балалар жазушыларының форумы өтті

Астанада Халықаралық балалар жазушыларының форумы өтті

Балғындарды кітап оқу мәдениетіне баулып, көркем әдебиетке деген құмарлықтарын ояту. Жеткіншектердің ой-өрісін кеңейтіп, саналы тәрбие беретін оқулықтар басу ісі мен балалар жазушыларын ынталандыру.  Кішкентай оқырмандардың аудиториясына қатысты осы және өзге де мәселелердің шешімі халықаралық балалар жазушыларының форумында ізделді. Елордада алғаш ұйымдастырылған игі шара Орталық Азия мен Еуропаның сала мамандарының басын қосты.  

ОЛЕГ БОНДАРЕНКО, ҚЫРҒЫЗСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Біздің балалар әдебиетінің тарихы тереңде жатыр, алайда дәл қазір бұл сала қайта жаңғыру үстінде. Өйткені жаңа мәнердегі кітаптар көптеп шыға бастады. Бізде қазір жас авторлардың қатары артып келеді. Онымен бірге кітап басу ісі де заманауи үлгіде жетіліп, жаңару дәуіріне көшті. Мәселен 5 жыл бұрын жылына 20 кітап шықса, бүгінде 100-ден астамы кішкентай оқырманына жол тартады.

«Келісе пішкен тон келте болмас» демекші, жиынға қатысушылар өскелең ұрпақ тәрбиесіне ықпал жасайтын ортақ істе күш жұмылдыру керек дегенді алға тартып отыр. Тәжірибе алмасып, шеберлік бөлісіп отыру үшін Орталық Азия мен Ресейдің балалар жазушыларының одағын құру көзделуде.

ОЛЕГ БОНДАРЕНКО, ҚЫРҒЫЗСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Өткен тарихы ортақ, мәдениеті сабақтас, әдебиеті ұқсас бауырлас халықтар шоғырланған Орталық Азия елдерінің жазушыларын бріктіретін одақ құрылса игі болар еді. Бір-біріміздің озық тәжірибемізді алудан ұтпасақ ұтылмаймыз.

ИРИНА КРАЕВА,  РЕСЕЙ ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 - Заманауи қазақ әдебиеті мен Ресейдің бүгінгі таңдағы шығармалары бөліп-жарып қарауға келмейді. Өйткені қазіргі кезде біздегі балалар әдебиетін Алматылық Аделя Абраева, Тоня Шипулина сынды жазушылардың еңбектерінсіз елестетуге болмайды. Сондықтан бірге дамуымыз керек.

Сондай-ақ форум барысында Астанада Орталық Азия аумағында баламасы жоқ, алғашқы «жасыл кітапхана» құрылатыны айтылды. Бірегей рухани азық мекені биылғы жылдың ішінде мамандандырылған ЭКСПО көрмесінің алаңында ашылады деп көзделуде.

ӘЛИЯ ҚОЖАБЕКОВА, ҚР ҰЛТТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ КІТАПХАНАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 -  «Жасыл» кітапхана​ өте қызықты бастама болайын деп тұр. Себебі жасыл желекке көмкерілген мекемеде арнайы қор құрылады. Онда экология, қоршаған ортаны аялау, сақтау, қорғауға қатысты материалдар, оқулықтар танымдық кітаптар жинастырылады. Сондай-ақ экологиялық тақырыптарда түрлі шаралар ұйымдастырылады. Осылайша балаларды жастайынан табиғатқа ұқыпты қарауға үгіттегіміз келеді.

Ұйымдастырушылар халықаралық балалар жазушыларының форумы жыл сайынғы дәстүрге айналатынын айтады. Ондағы мақсат – көршілес аймақтағы елдердің кішкентай оқырмандарын сапалы баспа өнімімен қамту.