«Qazaqgeography» экспедициясының қорытындысы

Аралдың солтүстік бөлігі қалпына келуі мүмкін. Бұл үшін бөгет биіктігі мен айдынды суға толтыруға бағытталған жобаны қолға алу керек. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға сеп болмақ. Солтүстік және Оңтүстік Аралға ғылыми-танымдық экспедиция жасаған QazaqGeography ғалымдары осындай ойға келіп отыр. Экспедиция Қазақстанның 9 өңірі мен Өзбекстанның 7 аймағын қамтыған болатын. Ғалымдар Аралдың тұздану көрсеткіші төмендеуде деп отыр. Алайда ол әлі де дүниежүзілік мұхит тұздылығынан 4 есеге жоғары.

НҰРЖАН АЛҒАШОВ, «QAZAQGEOGRAPHY» БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ  PR БӨЛІМІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Біздің экспедиция сәтті өтті. Біз судың гидрохимиялық және гидробиологиялық құрамына қатысты барлық міндеттерді орындадық. Арал аймағында соңғы кездері кешенді зерттеу болған емес. Сондықтан біздің ғалымдар жасаған жұмыс Солтүстік және Оңтүстік Аралдың эко жүйесін түсінуге мүмкіндік береді.

Экспедицияға қатысушылар елдің 6 киелі жеріне жасаған саяхаттарының нәтижесімен де бөлісті. Зерттеу жұмыстарына Қазақстан, Ресей және Америка Құрама Штаттарының тарихшылары, антропологтары мен картографтары қатысқан болатын. Ғалымдар халықтық аңыздардың жазбаларын зерттеп, көне нысандардың ГИС-координаталарын анықтады. Ақкөлдегі ескі мешіт, Қоңыр Әулие үңгірі, Құнанбай мен Қызылкент ғибадатханалары солардың қатарында. Нәтижесінде 2021 жылға дейін  Қазақстанның киелі жерлерінің атласы әзірленбек.

ДЖАМИЛЕ АЯЗБЕКОВА, «QAZAQGEOGRAPHY» БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ  PR БӨЛІМІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Киелі жерлер атласының міндеті – осы нысандардың әрбірі жайлы мағлұматтарды жинақтап, жұмысты орталықтандыру. Осының арқасында студенттер, ғалымдар мен киелі тарихқа қызығушылық танытатын әуесқойларға мәлімет алу оңай болады. Жақында  Kazakh TV арнасынан біздің экспедицияларымыз бен зерттеулеріміз жайлы бағдарламалар шығарылмақ. Көрермендер экспедиция барысындағы жұмыстармен танысатын болады.