Жаңа технологиялар заманында білім саласы қандай сын-қатерге тап болып отыр? Жоғары білім көшбасшыларының VII Еуразиялық форумына қатысушылар осы сауалға жауап іздеді. Жиынға қазақстандық және шетелдік ЖОО-ның өкілдері, білім саласындағы менеджерлер мен ғалымдар қатысты. Басты мәселе – жаңа технологиялар мен жаһандық әлеуметтік өзгерістердің білім саласына тигізетін әсерін талқылау. Аталмыш саладағы халықаралық сарапшы Джамиль Салмидің айтуынша, қазіргі таңда университеттердің қарқынды дамып келе жатқан технологияларға бейімделе білуі маңызды. Автоматтандыру мен роботтандыру кезеңінде көптеген мамандықтарға сұраныс жойылуда. Сондықтан білім саласының менеджерлері әрдайым бір қадам алда болулары керек, дейді сарапшы. Студенттерді қандай мамандықтарға оқыту керектігін нақты білу қажет.

ДЖАМИЛЬ САЛМИ, ЖОҒАРЫ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ

 - Студенттердің ақпаратты сүзгіден өткізіп, сыни ойлау қабілетін жетілдіру маңызды. Кейін алған білімді тәжірибеде қолдана білу керек. Сондықтан біздің алдымызда оқу бағдарламасын өзгерту міндеті тұр. Профессор дәріс оқып, студенттер жай ғана тыңдап отыратын сабақтарды өткізудің ескі тәсілдерінен алшақтау қажет. Дәріс интерактивті түрде өтуі тиіс. Мұндай тәсілді енгізу аса маңызды деп ойлаймын.

Қазақстандағы жетекші ЖОО-ның бірі саналатын Назарбаев Университеті білім процесіне инновациялық әдісті енгізуге ден қойған. Университет президенті Шигео Катсудың айтуынша, жаңа технологиялардың маңызы аса зор. Бұл жалпы білім процесі мен университет жүргізетін зерттеулерге оң әсерін тигізеді. Шигео Катсу білім мекемелері прогрестен қорықпай, керісінше, оларды студенттерді оқыту құралы ретінде қабылдауы керек. 

ШИГЕО КАТСУ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ

 - Біз университет жұмысының әр кезеңіне технологияларды енгіземіз. Ол дәрісханадағы жұмыс пен оқыту тәсіліне де қатысты. «Төңкерілген сынып» деп аталатын әдісті де сынап көрудеміз. Ол инновациялардың бірі. Мәліметтерге аса көңіл бөлеміз. Олармен жұмыс істей алатын ғалымдардың жаңа буынын оқытып жатырмыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер