Қазақстан ұлттық спорт түрлері бойынша Олимпиаданы өткізуге мүдделі

Қазақстан ұлттық спорт түрлері бойынша Олимпиаданы өткізуге мүдделі

Жер-жаһан халқының ұлттық ойындарын ғаламдық деңгейде жаңғырту.  2021 жылы төрткүл дүние алғашқы бүкіләлемдік этноспорт ойындарына көз тікпек. Дүниежүзілік дода Ұлы дала жерінде ұйымдастырылуы әбден мүмкін.  Бұған ниет танытқан 4 мемлекеттің бірі – Қазақстан. Елордада осыған қатысты ЮНЕСКО мен еліміздің Мәдениет және спорт министргі, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды.

МАРСЕЛЛИН ДЭЛЛИ, ЮНЕСКО-НЫҢ ДӘСТҮРЛІ СПОРТТАР МЕН ОЙЫНДАР КОМИТЕТІНІҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Менің пікірімше, Қазақстанның дүниежүзілік жарысты өткізуге мүмкіндігі жетерлік. Бүгін көз алдарыңызда үшжақты меморандумға қол қою рәсімі өтті. Бұл алғашқы қадамдардың бірі деп айтуға болады. Бұған дейін Қазақстан мен ЮНЕСКО арасында түрлі байланыстар болған еді. Бүгінгі кездесу қарым-қатынасты қайта жаңғыртты. Алдағы уақытта шараның өтуін жан-жақты талқыламақпыз.

Мәртебелі меймандардың Қазақстанға арнайы ат басын бұруы бекер емес. Дәл осы күндері Астанада «Теңге ілу» мен «Аударыспақтан» қос бірдей Азия чемпионаты өтті. Халықаралық ұйымның өкілдері аттың құлағында ойнаған білекті жігеттердің тартыстарын өз көздерімен тамашалап, қазақ ұлттық спорт ойындарының дамуына бағаларын берді. Жалпы жүлде қоры 14 млн. теңгені құраған байрақты додада  9 елдің 54 мықтысы баптары мен бақтарын сынады.

Жалпы елімізде ұлттық ойындар түлеп келеді. Қазір 343 мың қазақстандық көне спорт түрлерімен кәсіби шұғылданады.  Бұл орайда 2016-2017 жылдары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне «Қазақ күресі», «Саятшылық» пен «Асық ату» ойындары енгізілгенін айта кеткен жөн.