Қазақстанда демалуды жөн көретін туристердің дені Ресейден келеді. Тек 2017 жылдың өзінде бұл елдің 1 млн 700 мыңнан аса азаматы біздің курорттарды таңдапты. Қазақстандағы табиғаты көрікті, тарихи ескерткіштерге бай аймақтардың бірі Баянауыл ресейліктердің көңілінен шыққан. Биыл жазда Ертіс өңірінде «Павлодар-Новосібір» әуе рейсі ашылды. Жаңа рейс аптасына 2 рет қатынайтын болады.  Енді жолаушылар діттеген жерлеріне небары 1 сағат 20 минуттың ішінде жетеді. Қос тарап арасында жаңа рейсті жазғы уақытта орындау туралы келісім бар. Бұл бағыт облыстың туристік әлеуетін жоғарылатуға сеп болмақ. Алдағы уақытта Павлодар қаласын Беларусь қалаларымен жалғайтын әуе жолдары да жанданады.

САНСЫЗБАЙ СЕЙТАХМЕТОВ, ПАВЛОДАР ӘУЕЖАЙЫ ӘКІМШІЛІГІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әрі қарай жалғаса береді деп есептейміз. Өткенде компания басшыларымен кездескенде олар бұдан әрі қарай маршруттарды ашуға мүмкіндіктердің барын айтты. Бұл әуе компания бізбен бірге көптен бері атқарып жатыр. Бізде «Павлодар-Мәскеу» маршруты аптасына 3 рет рейс атқарады.

Ресейліктер жиі таңдайтын қазақстандық тағы бір демалыс аймағы – Алакөл. Туристерге ыңғайлы болуы үшін биыл жазда «Новосібір-Үшарал–Новосібір» әуе рейсі ашылады. Бұл жөнінде жергілікті билік қазақстандық әуе компанияларының бірімен келісім жасаған.

ӘСЕЛ САДЫҚОВА, ТАЛДЫҚОРҒАН Қ. ТҰРҒЫНЫ:

- Болашақта осындай әуе жолдары Қапшағайда, Балқашта ашылып жатса, ол Қазақстан үшін өте қолайлы болар еді. Өйткені туризмнің дамуы – ол Қазақстанның дамуы.

Бүгінгі таңда Алакөлдің жағасында 200-ге тарта туристік нысан бар. Инфрақұрылым заманға сай жетілдіріліп, демалышуларға қолайлы жағдай жасалуда. Өткен жылы Алакөлдің Алматы облысына қарасты бөлігінде 800 мыңға жуық адам тынықса, биыл демалушылар қатары 1 миллионнан асады деген болжам бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер