Түркияның әдебиет әлемі қазақтың тағы бір классикалық шығармасымен толықты. Балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабы тұңғыш рет түрік тіліне аударылып, Анадолы жеріндегі өз оқырмандарымен қауышты. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне жазушының қызы Самал Соқпақбаева, түріктің белгілі зиялы қауым өкілдері мен жас оқырмандар қатысты. Дүниежүзінің 67 тілінде жарық көрген шығарманы түрік тілінде сөйлеткен аудармашы Жамилә Кынаджы. Ол «Менің атым Қожа» түрік руханиятын байытып, көптің сүйікті кітабына айналатынына сенімді.

ЖАМИЛӘ КЫНАЖЫ, АУДАРМАШЫ:

Бердікбек Соқпақбаев ұлттық бейнесі күшті бір адам. Керемет автор. Ол бір баланың көзімен ұлттың бейнесін бізге көрсетті. Қожа кішкентай бала болғанымен, оның кең дүниесі бар. Біз ұқсаймыз, бауырлас елдерміз. Сол себепті қазақтың баласы мен түріктің баласы арасында айырмашылық жоқ деп ойлаймын.

Кітап таныстырылымынан кейін Неджип Фазыл атындағы драма театрында Бердібек Соқпақбаевтың повесінің желісімен түсірілген «Менің атым Қожа» фильмінің көрсетілімі болды. Балалық шаққа саяхат жасаған түрік жастары Қожа образын ерекше тамсана тамашалады. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі киноны түрік тіліне дубляж жасатып, болашақта Түркияның бас арналарында көрсетуді жоспарлап отыр.

САЛИХ ГЮР, ОҚУШЫ /ТҮРКИЯ/:

 - «Менің атым Қожа» фильмі бізді басқа бір әлемге жетелеп әкетті. Қожаның мінез-құлқы өзге балалардай емес. Ол әрі аңғал, әрі алғыр. Ішкі жан дүниесі өте бай екен. Үнемі әділдік пен адалдықты ту етеді. Мұндай балалар қазір көп емес, бірақ ортамызда бар.

Қазақстан мен Түркия арасында мәдени-гуманитарлық бағытта тығыз қарым-қатынас орнап, өзара ынтымақтастықтың көкжиегі жыл сайын кеңейіп келеді. Бір ғана «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елшіліктің қолдауымен қазақтың ақын-жазушыларының 20-дан туындысы түрік тіліне аударылып, түркиялық оқырман қауымның жоғары бағасына ие болды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер