Қазақ әдебиеті әлем тілдеріне аударылады - Kazakh TV

Дүние жүзі оқырмандары қазақ әдебиетімен танысады. Қазақ қаламгерлерінің шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, 2 томдық антологияға енгізіледі. Тәржімамен әлемге танымал Кэмбридж университеті, Германияда Гёте, ал Ресейде Пушкин атындағы институттың, Франциядағы Француздар альянсының, Испаниядағы Сервантес институты мен Қытайдағы Конфуций университетінің білікті мамандары айналыспақ.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ӘКІМШІЛІГІ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Шағындау, қалың оқырманға арналған нарықтық басылым дайындалады. Ол Амазон сияқты онлайн формалар арқылы жаппай сатылымға шығарылады. Сол шетелдік оқырмандарға қызықты авторларды анықтауға септігін тигізеді деп ойлаймын.

Бүгінде шығармаларды аудару жұмысы басталып кетті. 500 беттен тұратын 2 томдық кітаптың әрқайсысына 30 шақты автордың аты кірмек.

ЛЮБОВЬ ШАШКОВА, «ПРОСТОР» ЖУРНАЛЫ БАС РЕДАКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Антологияның бірінші томы – прозаға, екіншісі – заманауи поэзияға арналмақ. Оған қазақстандық классика, қазіргі жастардың және орта буын өкілдерінің шығармалары жинақталады. Үлкен жұмыс атқарылғанын атап өту керек. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі 6 тіліне аударуға ең үздік туындыларды ұсынып отырмыз.

Шығармалар жинағы әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарына, сондай-ақ кітапханаларға тегін таратылады. Сондай-ақ көпшілік үшін басылымдардың электронды және аудио нұсқалары да жасалмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер