Биыл «Үркер» ұлттық байқауына «үздік вайн» номинациясы қосылды - Kazakh TV

Баспасөз, радио және интернет журналистика саласына арналған «Үркер-2018» ұлттық байқауына өтініштер қабылданып жатыр.

Ел тарихында екінші мәрте өткелі тұрған додада бақ сынауға ниетті азаматтар 10 маусымға дейін өз жұмыстарын жолдай алады. Ал жеңімпаздарды марапаттау тілшілердің төл мерекесі 28 маусымда өтпек.

Биылғы «Үркер» сыйлығы «Қазақ» газетінің 105 жылдығына арналады. Дәстүрлі 12 аталымға «үздік вайн» номинациясы қосылып отыр. Сайысқа қатысушылар талап бойынша ұзақтығы 2 минуттық бейнеролик жолдауы тиіс. Сондай-ақ тағы бір ерекшелік бас шаһарымыздың 20 жылдығына арналған жұмыстар да қабылданады.

«Үркер» бай­қауына қатысушылар үздік фотосурет, репортаж, сарапта­малық материал, журналистік зерттеу және сұхбат секілді жанрдағы жұмыстарды жолдай алады. Сонымен қатар мерзімді және интернет-басылымдарда жарық көрген материалдар қабылданады. Ал сайыс қатысушыларына 13 адамнан тұратын қазылар алқасы баға береді. Олардың құрамына танымал қоғам қайраткерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, журналистика саласының майталман мамандары кіреді.

Статистикаға көз жүгіртсек, былтырғы сайысқа 700-ден астам өтініш түскен. Ал биылғы ұлттық байқауға қазірдің өзінде 100-ден астам өтініш келді. Жарыс қорытындысы бойынша топ жарған журналистерге естелік мүсіндер мен қаржылай қомақты жүлделер табысталады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер