Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы Cанкт-Петербургте таныстырылды - Kazakh TV

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы Cанкт-Петербург жұртшылығына таныстырылды. Сарапшылардың пікірінше, бұл – мемлекет құрудың энциклопедиясы. 500 беттік жаңа туындыда егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады.

ИГОРЬ РОГОВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ҚОРЫ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бұл кітап тек өткен тарихқа ғана арналған сараптама емес, келешекке де бағытталған даму бағдарламасы іспетті. Мұны оқыған адам Қазақстан қоғамының алдағы уақытта қалай  өзгеретінін, дамудың қай жолымен кетіп бара жатқанын біле алады. Бұл ауқымды істің басында  Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Кітаптың таныстырылымы кезінде өз ойларын айтқан  шетелдік мамандар, біздің осы пікірімізді қуаттай түсті. 

Кітаптың таныстырылымына петерборлық ғалымдар, қоғам қайраткерлері және Қазақ диаспорасының өкілдері, елден барған делегация өкілдері қатысты. Тараптар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктері құрметке лайықты дейді. Сарапшылар ең алдымен жоғары экономикалық көрсеткіштерге оң баға берді.

НИКОЛАЙ КРОПАЧЕВ, САНКТ-ПЕТЕРБУРГ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

 - Қазақстанда, қысқа мерзімде қыруар шаруа атқарылғанын көреміз. Енді Қазақ елі 2050 жылға қарай әлемдегі озық 30 елдің қатарына кіргелі отыр. Меніңше, бұл стратегиялық жоспар мерзімінен бұрын орындалады. Президент басқа елдердің ойына да келмейтін үлкен міндеттерді алға қойып қана қоймай, соған қол жеткізетіні таңғалдырады.

Сондай-ақ қонақтардың назарына «Астана – ұлы даланың інжу-маржаны» фотокөрмесі ұсынылды. Кейін, делегация Санкт-Петербургте оқып жатқан біздің студенттермен кездесіп, елдегі саяси, экономикалық және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайлы, жастарға жан-жақты ақпарат берді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер