АЭФ: Әлемге әйгілі тұлғалар қазақстандық студенттерге дәріс оқыды - Kazakh TV

Әлемдік қоғамдастықтың беделді сарапшылары қазақстандық студенттерге дәріс оқыды. Қазақстандық жас буынмен жүздесу Астананың екі жетекші жоғары оқу орындарында, Назарбаев университеті және Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Мәртебелі меймандар оқу ордасындағы жастарға бүгінде адамзат алдында тұрған жаңа технологиялардың маңыздылығы жайлы айтып берді.

КРИС БАРТОН SHAZAM, МОБИЛЬДІ ҚОСЫМШАСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

 - IT-саласы бүкіл әлемде жан-жақты дамып жатыр. Қазақ жеріне келіп, сіздер де бұл бағытта қыруар іс атқарып жатқандықтарыңызға куә болдым. Әсіресе мені жастардың IT-технологияға деген қызығушылығы қуантты. Бүгін Назарбаев университеті студенттерінің осы тақырып төңірегінде көптеген сауалдарына жауап бердім.

Қазақстандық жастарға  әлемдік деңгейде танымал ғалымдар, саясаткерлер және экономистермен кездесу оң серпін берді. Сарапшылар баяндаған қазіргі заманғы озық идеялар мен тың бағыттар жаңа келешекті болжауға мүмкіндік берді, дейді студенттер.

БИБІНҰР ОРЫНБАЕВА, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Маған Жан Батист Кокьюузоның дәрісі жақсы әсер қалдырды. Мен туризм саласында білім алып жатқандықтан, оның туризмдегі жаңа технологияларға тоқталғандығы көп көмегін берді., шабыттандырды. Ол, әрине, өте қызықты әрі тартымды кездесу өткізді. Оның өз баяндамасында келтірген ғылыми дәлелдемелері бізді үлкен әсерге бөледі. Маған лектордың біздің елге деген көзқарасы мен Қазақстанның әлеуеті туралы ойлары қатты ұнады. Мен үшін экономика саласын басқа қырынан зерделеуге көмек беретін жаңа технологияларға негізделе отырып, болашақта жаңа бағдарлама ойлап табуға мүмкіндігіміз бар екендігі үлкен жаңалық әрі қуанышты хабар болды. 

Нобель сыйлығының лауреаты, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің су және табиғат апаттары мәселелері жөніндегі кеңесшісі Рае Квон Чунг дәріс барысында студенттерді көмір мен мұнайды алмастыратын баламалы энергия көздерін дамытудың маңыздылығы туралы ойлануға шақырды. Сонымен қатар ЭКСПО-2017 көрмесінде халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының құрылуы құптарлық іс екенін де айта өтті. Айта кетейік, сарапшылардың қазақстандық жастармен өткізілген дәрістер фестивалі халықаралық Астана экономикалық форумы аясында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ұйымдастырушылар бұл жақсы дәстүрге айналып, алдағы уақытта оған барлық ниет білдірушілер қатыса алады деген ойда.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер