Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері жобаларының алғашқы халықаралық аукциондық сатылымы өтпек. Ол мамырдың 23 мен маусымның 7 аралығында ұйымдастырылатын болады. Аукционға отандық қана емес, шетелдік компаниялар да қатыса алады, - дейді Энергетика министрлігіндегілер. Ол үшін онлайн тіркелуден өтіп, құрылтайшы құжаттары мен төлем қабілеттілігін растайтын құжаттарды көрсету керек. Сатылымға 1 мың МегаВатт қойылмақ. Оның жартысынан көбін жел стансалары өндірген. Қалғаны – күн, гидро энернетика және биогаз құрылғыларынан алынып отыр. Тиісті ведомстводағылардың айтуы бойынша, аукционның өткізілуі мейлінше қарапайым болмақ. Басты артықшылық – адамның қатысуынсыз, онлайн режимінде ең арзан ұсыныстарды анықтау процесі. Бір сауда сессиясының ұзақтығы –  сағат шамасында.

АЙНҰР СОСПАНОВА, ҚР ЭМ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Менің ойымша, Қазақстандағы аукциондық жүйе, біріншіден,  елдегі жаңартылатын энергетиканың нақты әрі тиімді құнын анықтауға мүмкіндік береді. Біздегі күн, жел энергиясының қолданылуы, жаңартылатын энергия құнына әсер ететін құрылыс бағасы сынды жайттар ескеріледі. Биылғы пилоттық жылда жобаларды әділ таңдап, ірі халықаралық компанияларды тарту көзделіп отыр. Сондықтан аукционның өткізілуі дер кезінде қолға алынған шара деп ойлаймын.

Айту керек, Қазақстандағы аукцион тәсілі жаңартылатын энергия көздерінің барынша әділ бағасын анықтауға мүмкіндік бермек. Электр энергиясын сатып алуға арналған 15 жылдық келісімшартқа тарифтің ең аз құнын ұсынған қатысушы ие болады. Тиісті заңнамадағы өткен жылғы өзгертулердің арқасында жаңашылдықты енгізу мүмкін болып отыр. Сарапшылар бұл баламалы энергетика саласының инвестициялық тартымдылығын арттырады деген ойда.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер