Бірегей сюжеттік желілер, жаңа үлгідегі дыбыстық және бейне әсерлер, заманауи сандық технологияның мүмкіндіктері, түсірілім алаңындағы соңғы жаңалықтар. Қазақстандық киноөндіріс саласының осы және өзге де тың жетістіктері жайында толығырақ Kazakh TV арнасының «Cinema Life» апталық бағдарламасынан білуге болады.

НҰРГУЛ ТҮСІПБЕКОВА, «CINEMA LIFE» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ПРОДЮСЕРІ:

- «Cinema Life» жобасының басты мақсаты - отандық және шетелдік көрерменді заманауи қазақстандық киноөндіріс саласымен таныстыру. Ондағы жаңашылдықтардан құлағдар ету. Көпшіліктің талғамына сай келетін танымдық тақырыптарды көтеру. Отандық кинорежисcерлердің жұмыстарын насихаттау. Жалпы қазақстандық кино саласындағы өзгерістер жайында айтып қана қоймай, жергілікті өнімнің әлемдік киноқауымдастықта алар орнын айшықтау.

Спорт әлемінің басты жеңістері мен салауатты өмір салтының мән-маңызын Kazakh TV арнасындағы «Sports Nation» жобасы аша түседі. Бағдарламаны жас та болса жігерлі кәсіби мамандар тобы әзірлейді. Сондықтан да шығармашылық ізденіс пен қызықты мәліметке толы тұшымды ақпарат беріледі. Спорттық нәтижелер, болжамдар мен әлемдік дәрежедегі тартыстар, ел деңгейіндегі ұлттық жарыстар мен түрлі алаңдардағы тартымды бәсекелер және үздік спортшылармен сұхбат беріледі.

СӘБИНА СЕКСЕМБАЕВА, «SPORTS NATION» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ  ПРОДЮСЕРІ:

 - Бағдарламаға спортқа қатысы бар, жалпы салауатты өмір салтын ұстанушы адамдар мен ұлттық спорттың жанашырлары «Sports Nation» жобасына барынша тартылады. Өз ісін сүйетін кейіпкерлеріміз өмірлік әуестіктері жайында шынайы әрі көпшілікке беймәлім тұстары төңірегінде әңгіме қозғайды. Бар ақпаратты серпінді түрде әрі көрермен қауымды қызықтыратындай етіп беруге тырысамыз.

Ұлттық нақышта пішілген қазақ халқының киім үлгілерінің тарихы мен заман ағымына сай өзгеруі. Арна көрермендеріне ұсынылатын жаңа жобалардың бірі осы тақырыпта болмақ. Көшпенділердің тұрмыс-салты мен сәндік қолданбалы бұйымдарының қайталанбас бірегейлігі және мән-маңызын жоймай, заманауи этномәнерде жасайтын ата кәсіптің шебер сақшылары. Kazakh TV арнасында әр апта сайын қазақ халқының құнды тарихи, мәдени мұраларынан сыр шертетін «Oriental Vintage»  бағдарламасы шығып тұрады.  

АЙНҰР МӘЗІБАЕВА, «ORIENTAL VINTAGE» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ АВТОРЫ

 - Көне киім үлгілері бізді қызықтырған тақырыптардың бірі. Ұлы даланың тұрғындары ертеректе қандай киімге басымдық берді? Қандай материалдарға және түстерге таңдау жасады? Ондағы ою-өрнектердің мәні қандай? Ұлы Жібек жолындағы сауда керуенімен жеткен қандай мата түрлері сұраныста болды? Осының бәрін мамандардың өз аузынан естиміз. 

Ақпараттық-сараптамалық, ғылыми-танымдық, мәдени, ойын-сауықтық және шытырман оқиғалы жобалар. Kazakh TV арнасының телеөндіріс бөлімі жергілікті және шетелдік көрермен қауымды елдің бүгіні мен өткенінен жақынырақ таныстыратын соны үлгідегі бірегей бағдарламаларымен күнделікті қуантып тұратын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер