«Астана» ХҚО шетелде білім алып жатқан білімді жастарды қызметке тартпақ

«Астана» ХҚО шетелде білім алып жатқан білімді жастарды қызметке тартпақ

Қазақстандық қор биржасы, арбитраж соты, «Астана» халықаралық қаржы орталығы сынды құрылымдар шетелде білім алып жатқан білікті де білімді жастарды қызметке тартпақ. Лондонда Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен студенттерге арналған жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Оған «Болашақ» бағдарламасы бойынша және өз бетімен оқып жатқан жүзден аса қазақстандық студент қатысты. Олардың барлығы да Біріккен Корольдіктің жетекші оқу орындары: Оксфорд және Кембридж университеттері, Лондон экономика мектебі, Ливерпуль, Манчестер университеттерінің студенттері. 

АРМАН ШОҚПАРОВ, «АСТАНА» ХҚО МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ :

 - Бізге кім керек? Қаржы орталығы болғандықтан негізінен қаржы, құқықтану, экономика, стратегия және даму бағытында білім алған студенттерді қарастырамыз. «Астана» халықаралық қаржы орталығы болғандықтан ағылшын құқығын қолданамыз. Алаңымыздың ресми тілі – ағылшын тілі. Сондықтан Ұлыбританияда оқуын аяқтап жатқан студенттер біз үшін ең лайық үміткер болып саналады.

Қаржы орталығы жанындағы Үзіліссіз кәсіби даму бюросының қызметкерлері мамандануы және жұмыс тәжірибесі жағынан талаптарына сай келетін студент-магистранттармен және келешек ғылым докторларымен бірқатар сұхбаттар жүргізіп, жұмыс талаптарымен таныстырды.

ЕРЛАН ҚАЙРУЛЛАЕВ, БРУНЕЛЬ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Мен «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істегім келеді. Осы қаржы орталығының дамуына зор үлесімді қосқым келеді. Өйткені мен халықаралық мамандармен, шетелдік мамандармен тығыз жұмыс істегенмін. Және қаржы орталығының дамуына осы тәжірибемді пайдаланғым келеді.

Нәтижесінде құрылымдық бөлімдерге қажетті үміткерлер пулы жасақталды. Еңбек өтілі 7 жылдан асатын кәсіпқойлар таңдалып алынды. Арасында халықаралық сертификат иелері де бар. Сондай-ақ қаржы орталығы жас мамандарының қатарын толықтыратын студент-магистранттар да таңдалды.