АЭФ 2018: Адамзаттың жаңа әлемі

АЭФ 2018: Адамзаттың жаңа әлемі

Адамзаттың жаңа әлемі және жасанды интеллект. Яғни инновацияның білім кеңістігіне әсері. Дәл осы мәселелер XI Астана экономикалық форумында кеңінен талқыланады. Қатысушылар адами капиталды дамытудан бөлек, жасанды интеллектке байланысты XXI ғасырдағы оқыту үдерісін әңгімелейді.

АЛМАТ ЕСЖАНОВ, ҚР БҒМ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бізде инновациялық білім беру контенті барлық мектепте енгізілген. Ол мұғалімнің орнын толығымен алмастырады деуден аулақпыз. Бұл тек қосымша қызмет атқарады. Яғни оқытушы қосымша контент жүктеп,  интерактивті сабақ жүргізе алады. Мәселен, осындай 40 мыңнан астам видеосабақ бар. Оған электрондық зертханалар да енгізілген.

Алқалы басқосуда экономикадан басқа мәселелер де әңгіме өзегіне айналмақ. Олардың қатарында ұзақ өмір сүру, жаһандық қауіпсіздік сияқты тақырыптар бар. Технологиялық революцияның кері әсері де баршылық. Адамзат жаһандық сын-қатерлердің алдын алуды ойластыру қажет. Осыған орай, жиында корпорациялар мен мекемелерде азаматтар туралы деректерді қорғау жолдары айтылады.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Біздің өміріміз тек экономикадан, қаржыдан, технологиядан ғана тұрмайды. Сондықтан форумда экономикалық емес сауалдар да көтеріледі.  Бұл жайында форумға қатысушылар өз ой-пікірлерін айтып,  көзқарастарын білдіретін болады. Яғни, түрлі саланың білікті мамандары саясат, адам капиталы, технология, ресурстар әлемі жайында кең ауқымда әңгіме қозғайды.

Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ бұл шараның биыл ауқымы да, маңызы да жоғары болмақ. Форум әлемдік көшбасшылардың, халықаралық сарапшылардың, ғалымдардың, түрлі қаржы институттары мен бизнес қауымдастық өкілдерінің басын қосады.