Астанада «Ұлттық өнім-2018» республикалық көрмесі өтті

«Қазақстанда жасалған». Жылдан-жылға мұндай брендпен сан түрлі тауар шығарылуда. Мұндай 350 кәсіпорын өз өнімдерін Астанадағы «Ұлттық өнім-2018» республикалық көрмесіне ұсынды. «Бәрі Қазақстанда жасалған – ұлттық өнім. Табиғи әрі сапалы»,- дейді көрмеге қатысушылар. Мәселен, павлодарлық өндірушілер бас шаһарға өздерінің ірімшіктерін ала келіпті. Павлодарлықтар тарапынан сұраныс мол. Осы көрменің соң сүзбе, табиғи йогурт пен үй қаймағының әрдайым елордалықтардың да дастарқанынан табыларына сенімді.

БАЗАРГҮЛ ОМАРОВА, КӨРМЕГЕ ҚАТЫСУШЫ:

 - Ірімшіктің 13 түрі бар. Біз ашытқыны Италиядан аламыз. Сүтті өзіміздің Павлодар облысының шаруа қожалықтарымен шартқа отырғанбыз.  Күніне 500 литр сүтті өңдейміз.  55-60 келі ірімшік шығады.

Ал Ғалымжан Масанов болса, коммуналдық қызметтердің жұмысын жеңілдетпек.  Оның механикалық мұзойғышы асфальтті зақымдамай, мұзды үгітіп, тазалауға арналған. Қолданыста ыңғайлы, тиімділігі мол. Өнертапқыш құрылғының бөліктерін алмастыру арқылы мұзойғыштан шөп шапқыш, қар тазалауыш пен сыпыратын құрылғы жасауды көздейді. Бензинді қозғалтқышты сутектіге алмастырмақ.

ҒАЛЫМЖАН МАСАНОВ, «ПАСКАЛЬ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

 - 2017 жылы «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша грант ұтып алдым. Бұл құрылғы мұзды кесіп, балғамен үгітеді. Оны басқару үшін бір оператор ғана жеткілікті. Жер үйлердің маңын тазалауға да қолдануға болады. Өнім Қарағандыда жасалады, кейін Астанада жинақталады.

Айту керек, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несиенің тұрақты мөлшерлемесінің орнына өзгертуге болатын мөлшерлеме енгізілген. Өтінімді қарастыру уақыты да барынша қысқарып отыр.