Өзбекстандықтар Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығын кең көлемде атап өтіп жатыр

Өзбекстандықтар Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығын кең көлемде атап өтіп жатыр. Осыған орай Ташкенттегі Шығыстану университетінде «Шыңғыс Айтматов – әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілі» деген тақырыпта жиын өтті. Онда қоғам және мемлекет қайраткерінің өмір жолы мен шығармашылығынан үзінділер оқылды. Шарада жазушының өмірбаянын зерттеп жүрген ғалымдар жастарға Шыңғыс Айтматовтың тұлғалық қасиеттері, Орталық Азия республикаларымен арадағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі туралы  кеңінен әңгімеледі.

ТУЛАНБАЙ КУРБАНОВ, ЗЕРТТЕУШІ-АУДАРМАШЫ:

 - Дәуіріміздің ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов жазушы ғана емес, өте сауатты дипломат болған. Ол өмір жолының 20 жылын осы салаға арнады. Дипломатиялық қызметте жүріп, дүниедегі ең өзекті, жалпыға ортақ мәселелерді көтере білді. Жазушы ретінде сол проблеманы шешудің жолдарын нұсқады.

АХМАДЖОН МЕЛОБИЕВ, ӨЗБЕКСТАН ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВ АТЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Әрбір елдің жазушысы бір мемлекет жайлы, не сол заман жайлы жазады. Ал Шыңғыс Айтматов жалпы адамзат баласына ортақ мәселені көтере білген. Оның туындыларын Еуропа, Африка, тіпті АҚШ азаматтары да оңай қабылдай алады. Өйткені ол жалпыға ортақ мәселеге қалам тербеген. Мұндай бақыт екінің біріне бұйыра бермейді. Айтматовтың ойлау сезімі өте терең, өйткені ол болашақты меңзеген.

Айта кетерлігі, бұл маңызды күнді атап өту аясында Өбекстанда «Шыңғыс Айтматов және Өзбекстан» атты естеліктер жинағын, оның өмірі мен шығармашылығы туралы жаңа деректі фильм мен авторлық жұмыстарға негізделген көркем фильмнің түсірілімін жасау жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ташкенттің орталық көшелерінің бірі Шыңғыс Айтматовтың есімімен аталатын болады.