Өңірлердегі Жеңіс мерекесі

Өңірлердегі Жеңіс мерекесі

Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмытылмақ емес. Жеңіс күні – сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгердің айбынын дәлелдейтін белгі болып қалмақ. Мерекеге орай Оралда V халықаралық «Естелік вахтасы» автоэкспедициясы ұйымдастырылды. Ол Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың мемориалдық мұражай-үйінен бастау алды. Автоэкспедиция барысында делегация мүшелері  Мәскеу, Ржев, Великие Луки, Новосокольники, Псков және Невель қалаларын аралайды. Мұражай-үйінің қызметкерлері, студенттер мен оқытушылардан құралған қазақстандық делегация Псков ормандарындағы ресейлік іздестіру жасақтарының жұмысына қосылады. Естеріңізге сала кетейік, мұнда қазақтың қос батыр қызы пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлова жерленген. 

ВЕНИАМИН СКАЛЕНКО, ҰОС АРДАГЕРІ:

- Бұл қаза болғандар үшін, соғысты көргендерге емес, жас ұрпақ үшін. оларды тәрбиелеу үшін қажет. Балаларымызды Мәншүк Мәметованың ерлігі негізінде, жауынгерлердің ұрыстағы іс-қимылдарын саналарына құя отырып, Отанына деген махабатты оятуымыз керек.

СВЕТЛАНА БЕКТЕНОВА, М.МӘМЕТОВА АТЫНДАҒЫ МЕМОРИАЛДЫҚ МҰРАЖАЙ-ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бүгінгі экспедиция бірегей боларына үлкен сеніммен қараймын. Себебі, делегаттар қанды ұрыс алаңдарының ,Невель ауданына қарасты Пустошка қаласында орналасқан лагерьдің далалық қазба жұмыстарына қатыса алады. Бүгінде, міне 2018 жылы, ол жерде Хабаровск, Смоленск, сонымен қатарКалуга қалаларының «Қалампыр» іздестіру жасағы жұмыс жасауда. 

Ал, Семейде Жеңіс мерекесі қарсаңында «Бабалар ерлігіне тағзым» деген тақырыппен патриоттық іс-шара өтті. Мерекелік концертті ұйымдастырған оқушылар батыр бабалар ерлігінен сыр шертетін қолөнер бұйымдарын ұсынып, жүректі елжіретер қойылымдар қойды. Жеңіс туралы ән шырқалып, бейбітшілік туралы би биленді. Шара соңында жиналғандар «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды» мемориалдық ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минуттық үнсіздік жариялады.

ЛАРИСА РЕВЕНКО, №4 МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫҢ МҰҒАЛІМІ:

 - Акцияның үлкен тәрбиелік мәні бар. өйткені қойылымдарға қатыса отырып, балалар Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі жауынгерлердің, бұқара халықтың  жан толғанысын, мұңын, қайғы-қасіретін, әскери режимді тереңінен түсіне алады.

ҒАБДУЛҒАЗИЗ АХМЕРОВ, ҰОС АРДАГЕРІ:

Жеңіс оңайшылықпен келген жоқ. Қан майданда елдің тыныштығы үшін ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Ал Жеңіс күні ұрпақ жадында мәңгілік сақталуы тиіс. Өйткені Отан қорғауға аттанған әрбір азамат бүгінгі жарқын өмір мен ашық аспан үшін соғысты.

Маңғыстаулық майдангерлердің есімдері ғаламтордағы веб-парақшаға жинақталып жатыр. Қала сайттарының біріндегі ақпарат парақшасы «Даңқты полк» деп аталады. Қазір мұнда 250ге жуық Ұлы Отан соғысы және тыл ардагері туралы мәлімет топтастырылған. Веб-парақшаға әрбір тілек білдіруші майдангер туралы ақпаратты жүктей алады. Әр фотосуреттің жанында ардагердің өмірбаяны, ерлігі мен еңбегі үшін берілген наградалары, сондай-ақ мұрағаттан алынған тарихи деректер көрсетілген. Сайт редакторларының айтуынша, веб-парақша күн өткен сайын жаңа деректермен толығып келеді.  Парақшаға күніне орта есеппен 100-ден аса ғаламтор пайдаланушы кіріп, ондағы ақпараттарды оқып отырады.

МАРИНА КУЗНЕЦОВА, САЙТРЕДАКТОРЫ:

- Веб-парақшада арнайы «Ардагерге алғыс айт» бөлімі де бар. Сондықтан әр тілек білдіруші туысқаны туралы фотосуреттер мен ақпарат ғана салып қоймай, ардагерлерге алғысын да жаза алады. Бүгінде кейінгі ұрпақ бұл жерде көптеген өз пікірлерін қалдырып, отан үшін өмірін қиған аталарымызға рахметтерін айтуда.