Оралда ұлттық спорт ойындарын насихаттауға арналған шара өтті

Оралда қазақ халқының төл спорттық ойындарын насихаттауға арналған «Ұлттық қазына» атты жарыс өтті.

«Аударыспақ» – нағыз ер адамдардың ойыны. Мұнда білек күшіне қоса, әдіс-айлаң да жеткілікті болуы керек. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін, ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген жігіттер қатысады. 

ЖЕКСЕН ЖҰМАҒАЛИЕВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

 - Біріншіден бұл жеңіс емес, артымызда өсіп келе жатқан інілерінімзге үлгі болып, олар да осындай жетістіктерге етсе деймін.  «Ұлттық қазына» деген жарыстар көбірек өткізілуі керек деп ойлаймын.

Шара барысында жастар қазақ күресі, арқан тартыс, жамбы ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындарға қатысып, бақтарын сынады. Сонымен қатар, қамшы өруден шеберлік сабақтарын қызықтап, атпен серуендеуге мүмкіндік алды.

АЯН САҚОШЕВ, БҚО ЖАСТАР САЯСАТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Бұл жерде тек қана спорт түрлері емес, жастарды қызықтыратын заттар, мысалы ұлттық киіммен келу, бұрынғы кезде алтыбақан тепкен кезде қандай қызықтар болған, сол дәстүрлерді дәріптеп жастар арасында қызығушылығын таныту мақсатында өтіп жатыр.  

АБАТ ҚЫДЫРШАЕВ, ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

 - «Рухани жаңғыру» мәселесі сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асатын уақыты бар. Ол біздің ұлттық бабалардан қалған мұраның керемет алғышарттарын, тағылымын кейінгі жастарға жұғысты ету ғой деп ойлаймын.

«Рухани жаңғыру» аясындағы осындай тәрбиелік мәні зор шаралар жалғасын табады,- дейді ұйымдастырушылар.