Өскелең ұрпақ бойына сапалы білім нәрін сіңіре білу маңызды. Осы мақсатта елімізде қолға алынған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының алғашқы межесі еңсерілді. Оның аясында әлемнің 42 елінде 34 тілде басылып, жалпы таралымы 47 млн асқан еңбектер қазақ тіліне аударылды. Әрқайсысы ғаламдық деңгейде үздік. Жаһандағы көптеген іргелі жоғары оқу орындарының білім беру жүйесінде кеңінен қолданылып жүр. Ендігі кезекте бұл оқулықтарды игілікке жаратып, шарапатын барынша татудың қамын жасау керек.

ӘЛІБЕК ҚИСЫБАЙ, ҰЛТТЫҚ АУДАРМА БЮРОСЫНЫҢ ЖОБА ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Аударылған 18 кітапты біз енді 10 мың данамен басып жатырмыз 180 мың болатындай. Оларды өңірлердегі және Астана, Алматы қалаларындағы университеттерге жеткіземіз. 2018-2019 оқу жылынан бастап бұл оқулықтар бойынша оқу процесі басталады. Қазір оған байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Кітап басқаннан бөлек, біздің «100 кітап» сайтында оқулықтардың электронды нұсқалары қолжетімді болады.  

Жыраққа шауып, жат жерде білім қуған ел жастары енді кіндік қаны тамған топырағынан аспай-ақ ілім-ғылым әлеміне еркін құлаш сермей алады. Бұл озық ойлы саналы ұрпақ тәрбиелеумен қатар мемлекеттік тілдің қолдану көкжиегін кеңейте түсетін игі бастама, дейді мамандар. Ғылымның тілі оңай емес. Оның жалпы көпшілікке ұғынықты болуын қамтамасыз ету ғалымдарға сын. Салалық ұғымдардың шырмауынан шығу төңірегінде жасалған кешенді жұмыстың нәтижесінде ұлттық аударма ісі едәуір іргеліреп, төл сөздік қорымыз 3 мыңнан астам  жаңа терминмен толықты.

СЕРІК БЕЙСЕНБАЕВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ  ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Қазақстанның негізгі алғышарты біздің интеллектуалдық  әлеуетімізді арттыру. Бұл мақсатты орынадау үшін ең алдымен, гуманитарлық әлемдік деңгейдегі ғылымға қол жеткізуіміз керекпіз. Осы бағытта қазақ тіліне сапалы аударылған оқулықтар үлкен маңыздық орын атқарады. Кейінгі аударылатын оқулықтар мемлекет тарапынан болсын, мемлекеттік емес ұйымдардың тарапынан болсын дәл осы оқулықтардың сапасын ескере отырып аударылатын болады. Сондықтан бұл алдағы әлі де жасалатын жұмыстың негізін қалап берді деп айтуға болады. 

Алда жоба аясында әлі де атқарылатын қыруар шаруа күтіп тұр. Сарапшылар кітаптардың әрқайсысы  шәкірттердің қажетіне жарайтындай етіліп іріктеліп, заман талабына сай таңдалғанын айтады. Өйткені оқулық авторлары аты әлемге мәшһүр ғалымдар ғана емес, ілімін тәжірибе жүзінде іске асырып жүрген білікті басшылар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер