Маңғыстау облысында қуаты 2 мегаватт болатын күн электр станциясы іске қосылды

Қазақстан болашақ энергиясын дамытып жатыр. Қазба қоры бай бола тұра республика қайта жаңартылатын қуат көздерін пайдалану саласында инновациялық жобаларды қолға алуда. Маңғыстау облысында қуаты екі мегаватт болатын күн электр станциясы іске қосылды. Жобаның Қазақстанда баламасы жоқ. Станция өзімізде өндірілген күн батареяларымен жұмыс істейді. Жаңа нысан жақын маңдағы Батыр ауылын электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

ҚҰЛЖАН ЕГІЗҚАРАЕВ, МҰНАЙЛЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Бүгін біздің ауданымыздың алғаш рет күн энергиясынан қуат алатын, еліміздің игілігіне ұсынылып жатыр. Ал енді ел қуанып, халық қуанып жатыр, және бір қызығы осы құрылғылардың барлығы отандық өнімдер екеніне қуанып отырмыз. Халқымыз аман, еліміз тыныш болғай. осылай өсіп, өркендей берейік.  

Жаңа станцияда 40 қатарға тізілген 8 мыңнан астам панель орнатылды. Құрылыстың екінші кезеңі аяқталған соң тағы бірнеше елді мекен таза электр қуатын тұтына алады.

РИНАТ ГАППАРОВ, ЛИЗИНГ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Бұл станция өндіретін электр энергиясын басқа қуат көздерімен қатар пайдаланылады, осылайша тұтынушылар үшін тариф біршама төмен болады.

Жыл соңына дейін Маңғыстау облысында тағы бір күн және жел электр станциясы пайдалануға берілмек. Оңтүстік Қазақстан өңірі де жасыл энергетикаға бет бұрған. Алдағы бес жыл ішінде Төлеби ауданы толықтай баламалы электр энергиясына ауысуға ниетті. Қазір мұнда жеті жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, Сайрамсу мен Қасқасу өзендерінің бойында 6 шағын су электр станциясы бой көтереді. Оның алғашқысының құрылысы күзде аяқталады. Сонымен қатар, биылғы жылы Ленгер аудан орталығында қуаты 10 мегаваттық күн станциясының құрылысы басталады.

МҰХТАР ӨСЕРБАЕВ, ОҚО ТӨЛЕБИ АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Соңғы 5 жылда ауданда өнеркәсіп өнімі 4 есеге өсті. Биыл 30 млрд теңгеге жуық өнім өндірілді. Бұлар энергияны көп талап ететін салалар. Жалпы біздің тау өзендерінен 25 мегаватт энергия алуға мүмкіндік бар. 25 мегаватт біздің ауданды электр энергиясына деген мұқтаждықтан толық арылтады.

2030 жылға қарай Қазақстанда жасыл қуат көздерінің энергетикадағы үлесін 10 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Ал 2050 жылы елімізде өндірілетін барлық энергияның жартысы жаңартылатын көздерден алынады.