Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы: Газдандыру және шағын несиелендіру

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы: Газдандыру және шағын несиелендіру

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бойынша жұмыс жалғасуда. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шаралардың игілігін ел аймақтары сезіне бастады. Шығыс өңірде газдандыру басталып кетті. Биылғы жылы Зайсан ауданында тоғыз ауылдық округ «көгілдір отынмен» қамтылса, 2020 жылға қарай тағы 9 елді мекен қосылады. Жалпы, екі жыл ішінде Зайсан ауданы тұрғындарының 95 пайызы газбен қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 1 миллиардтан астам теңге бөлінді.

ТЕМІРБЕК ҚАСЫМЖАНОВ, ШҚО ЗАЙСАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Қатты отынға қарағанда, газ 10 есе арзан. Бұл халыққа шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл экология. Яғни қатты отын жаққан кезде қандай шығарындылар болатынын білеміз, ал газдан ауа ластанбайды.

Мемлекет басшысы көтерген 5 бастаманың біреуі – шағын несиелендіру. Биылғы жылы Алматы облысының кәсіпкерлері де өз бизнесін дамытуға қаржы алады. Осы мақсатқа 5,5 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Микронесиелеудің аясы кеңейгенін естіген Жетісу ауданының тұрғындары кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қосылуға шешім қабылдады. Сарапшылардың айтуынша, қазірдің өзінде қызмет көрсету, өндіріс және аграрлық сектор саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес өкілдерінен өтініштер түскен.

ЖАНАР МҰХАМЕДЖАНОВА, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

 - 2018 жылы біз 672 адамға 4 миллиард 300 миллион мөлшерінде микрокредиттер беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы айтқанда Елбасының 5 бастамасы бойынша тағы қосымша қаржы қарастырылған, оның 352 миллион 900 мың теңгесі қалаға және 1 миллиарды ауылдық аймаққа бөлінген.