Тарас Шевченконың туғанына – 204 жыл

Биыл әйгілі украиндік ақын, суретші Тарас Шевченконың туғанына 204 жыл толды. Қоғам қайраткерінің өнегелі өмірі мен көркем өнермен өрілген шығармашылық жолы қазақстандықтарға жақсы таныс. Өйткені ол елімізге жер аударылып, саналы ғұмырының 10 жылын жергілікті халықпен бірге өткізген. Бүгінде Батыс Қазақстан өңірінде ақынның есімі берілген Форт Шевченко қаласы бар. Сондықтан халықаралық Шевченко оқуларының елімізде ұйымдастырылуы бекер емес. Астанада өткен дәстүрлі шара VII рет шымылдығын түріп отыр. «Шевченкотану» іліміне бет бұрған ғалымдар көркем сөз және бейнелеу өнерінің шебері жайында жүргізген зерттеу жұмыстарымен бөлісті. 

ЮРИЙ ТИМОЩЕНКО, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Бүгінде Астана «Шевченкотану» сынды ғылымның жаңа бағытының еуразиялық деңгейдегі орталығына айналды. Украина мен Қазақстанның ғалымдары екі елге еңбегі сіңген қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығын зерделеуге үлкен көңіл бөліп жүр. Осыған қатысты көптеген еңбектер жарық көрді. Қазақстандағы «Шевченкотануды» – заманауи ноу-хау деп айтсам қателеспеймін.

Ақын, қылқалам шеберінің шығармашылық тұрғыда өрлеуі қазақ жерін мекен еткен кезеңімен тікелей байланысты. Қара өлең ұйқастары мен көркем сурет туындыларында ол негізінен дала мәдениетіндегі көшпенділердің тұрмыс-салтын бейнелеп, айшықтауға басымдық берген. Сондықтан қазақ халқы оны шыншыл ақын деп ерекше құрметтеген. Форт Шевченкодағы  мемориалды мұражайына келушілер қатары еш толастаған емес. Ақтауда бой түзеген ескерткіш кешені қалалықтардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналды.

ПЕТР ТОКАРЬ, Л. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ШАҚЫРТЫЛҒАН ОҚЫТУШЫ:

 - Қазақстанда Тарас Шевченконың өмірі мен шығармашылығын жоғары бағалап, осындай үлкен деңгейге көтергені украина ұлтының өкілі болғандықтан мені қатты қуантты. Мұны өз көзіммен көргендіктен  тәнті болып отырмын.

Тарас Шевченконың  өмірі мен шығармашылығына қатысты әлем ғалымдары  осыған дейінгі жылдары 5 ғылыми жинақ жариялап,  200-ден астам баяндама жасаған екен. Ал елордада өткен «Шевченко оқулары» осы ғалымдардың ақынды зерттеу төңірегіндегі еңбектерінің нәтижесін тұйықтайтын алаңға айналып келеді.