Қытай астанасында қазақ балабақшасы ашылды. Енді Бейжіңде тұрып жатқан отандастарымыз балаларын «Балдырғанға» апарады.

Қазақ және ағылшын тілінде жұмыс істейтін орталыққа Қазақстан ғана емес, бауырлас елдердің азаматтары да баласын бере бастады.

НАЗГҮЛ НАЗАРБЕКОВА, БАЛАЛАРДЫ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қазірдің өзінде Қырғызстан азаматтарының балалары келіп жүр. Басқа да ОА елдерінің азаматтары қызығушылық танытып, баламызды сіздердің орталыққа берсек пе деп жатыр. Өйткені оларға ыңғайлы, барлығы осы маңда тұрады әрі біз таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін жұмыс істейміз.

Садық пен Әйгерім Әкежановтар біраз жылдан бері жұмыс бабымен Бейжіңде тұрады. Екі баласы осында дүниеге келді. Ал тұңғышын балабақшаға немесе дамыту орталығына беру үлкен қиындық туғызатын.

ӘЙГЕРІМ ӘКЕЖАНОВА, АТА-АНА:

 - Бұған дейін Ресейдің Елшілігіне өтініш жазып күтетінбіз. Ал ол жаққа алмағандар қытайлық немесе басқа да елдердің орталықтарына баратын. Сондықтан осындай өзіміздің «Балдырған» орталығы ашылғаны өте дұрыс болды. Өйткені жылдан жылға, шүкір қазақстандық бүлдіршіндер көбейіп келеді.

Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі дипломаттар саны жөнінен Ресей өкілдігінен кейінгі екінші орында. Мұнда 90 бала бар. Жыл сайын Бейжіңде дүниеге келетін сәбилердің саны да артып келеді. Енді олар өзіміздің «Балдырғанға» баратын болды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер