Тарих, саясаттану, әлеуметтану, мәдениеттану, психология, философия, филология және антропология. Дәл осы гуманитарлық бағыттағы жаһандық деңгейдегі ілім-ғылым алдағы 5 жылдың ішінде «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасында қамтылатын болады. Дүниежүзінде үлкен сұранысқа ие үздік еңбектерді түпнұсқадан қазақ тіліне аудару жұмысына еліміздің жетекші мамандары жұмылдырылып отыр. Олардың қатарында ғалымдар мен ұстаздар, тіл мамандары бар.

ГҮЛЖИХАН НҰРЫШЕВА, ФИЛОСОФИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

-  Бұл жобаға атсалысу мен үшін үлкен мәртебе. Асқан жаупкершілікті талап ететін үлкен жұмыс басталды. Аударма ісіне кіріскелі бос уақытымыз жоқ десем артық айтпаймын. Қазір қызған шаруаның келесі бір межесін бағындыруды бастап кеттік. Еліміздің болашағы жастар үшін жасалып жатқан игі іс көңіл қуантады. Бұл әлемдік деңгейдегі оқулықтар енді біздің оқушылар мен студенттерге, жалпы қазақстандықтарға қолжетімді болды.

Отандық баспа қызметінің жұмысы қауырт. Олар алғашқы 18 оқулықты шығаруға білек сыбана ісіне кірісіп кетті. Әлем жұртшылығы сүйсіне оқитын бұл еңбектердің ана тіліміздегі электрондық нұсқалары толықтай 100kitap.kz бағдарламасының ресми сайтына да енгізілетін болады.  Арнайы сарапталған кітаптардың арасында тек түпнұсқада ғана жер жаһанға тарап кеткен бірегей ғылыми туындылар да бар. Енді олардың қазақша нұсқалары оқырманға жол тартпақ. 

ЖҰЛДЫХ ЖҰМАШЕВА, PHD ДОКТОРЫ:

-  Бұрындары антропология бағытындағы оқулықтар мүлдем аударылмайтын. Біз үшін бұл жаңа бет, жаңа тәжірибе. Осы сала бойынша ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне тәржімаланған еңбектер жоқ еді. Тіпті орыс тілінің өзінен аударылған кітаптар жоқтың қасы дер едім. Сондықтан бірқатар мәселелер туындады. Бірақ оларды еңсере білдік. Көптеген терминдер мұқият зерттеуді талап етті. Бұл отандық сала мамандарының бірлесе атқарған үлкен жұмысының жемісі.

Үстіміздегі айда алғашқы 18 кітаптың барлығы да баспадан 10 мың данамен шығарылады. Кейін осы еңбектер тегістей еліміздің жоғарғы оқу орындары мен барлық ұлттық кітапханаларына таратылмақ. Бұдан соң жыл аяғына дейін тағы 30 кітапты қазақ тіліне аудару міндеті тұр. Бұл лекте тарих, өнер әдебиет, педагогика мен экономикалық бағыттарға басымдық берілетін болады.

НАЗГҮЛ ҚОЖАБЕКОВА. ҰЛТТЫҚ АУДАРМА БЮРОСЫНЫҢ РЕДАКТОРЫ:

 - Қазіргі таңда жаңа оқулықтарды аудару жұмысы басталып кетті. Бұл үрдістің алғашқы кезеңінен редакторлар да қызу жұмысқа тартылды. Жыл соңына дейін қазақ тіліндегі дайын оқулықтардың санын 48-ге жеткізетін боламыз.

Мамандардың айтуынша, таңдалған 100 оқулық еліміздің жоғарғы оқу орындарының әлемдік көшке ілесіп, қалыс қалмаудың қамы. Нәтижесінде жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиеленеді.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер