Болашақ мұнайшылар Атырауда өткен халықаралық техникалық мұнай-газ олимпиадасында бақтарын сынады. Білім мен біліктілікті саралауға арналған додаға Қазақстан мен Ресейдің 8 жоғары оқу орнынан 40 студент қатысты. Олимпиада халықаралық байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға бағытталған.

ЕРМЕК КҮЗЕНБАЕВ, ЖОҒАРЫ ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл олимпиаданың негізгі ерекшелігі бүгінгі таңда ағылшын тілінде өтіп жатыр. Бұл дегеніміз бүкіл студенттер, барлық қатысушылар тек ағылшын емес техникалық ағылшын тілін меңгереді. Бұл өз кезегінде барлық қатысушыларға және студенттерге оқуды бітіргеннен кейін барлық әлемнің кез келген компаниясында жұмыс жасауға мүмкіндік береді.

Мұнайшы инженерлер қауымдастығы ұйымдастырған олимпиада бағдарламасына зертханалық жұмыстар, ақыл-ойды дамытуға арналған түрлі ойындар енгізілген. Сонымен қатар студент-жастар өзара пікір алмасып, мұнай-газ өндірісіне арналған жеке ғылыми жобаларын қорғады.

ДИАНА АЛИПОВА, АТЫРАУ МҰНАЙ-ГАЗ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Біз мұнда оқу барысында алған білімімізді көрсетуге тырыстық. Қандай да бір жағдай бола қалса, қандай шара қабылдау керектігімізді көрсеттік. Өйткені мұнай-газ күтпеген жағдайларға толы сала.

ТАТЬЯНА КРУГЛИКОВА, МӘСКЕУ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ БАРЛАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - Олимпиадаға қатыса отырып тәжірибе жинаймыз. Курстастарымызға келесі жылы міндетті түрде қатысуға кеңес беремін.

Жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды Атырау, екінші орынды Мәскеу және үшінші орынды алматылық студенттер тобы жеңіп алды. Бүкіл сынақтарға өңірдегі шетелдік компаниялардың инженелері мен ресми өкілдері төрешілік жасады. Үздік ғылыми жобалардың өндірісте жүзеге асырылуына аймақта жұмыс істеп жатқан әлемдік деңгейдегі компаниялар қолдау жасайтын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер