Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университеті әлемнің үздік оқу орындарының бірі деп танылды. Оксфорд академиялық кеңесі осындай шешім шығарды. Халықаралық Сократ комитеті іскерлік, ғылым мен  шығармашыл қауымдастықтың үздік өкілдерін беделді еуропалық жүлделермен жыл сайын марапаттайды. Биылғы шара Ұлыбритания директорлары институтының басты Корольдік резиденциясында өтті. Оған Еуропа, Азия, Африка және Америка елдерінің үздік ғылыми-ағартушылық мекемелерінің өкілдері, ректорлар мен бизнесмендер қатысты. Қазақстандық Ұлттық қорғаныс университеті «Білім беру саласы» аталымы бойынша «үздік университет» атағы мен жүлдесін жеңіп алды. Ал оның басшысы, генерал-майор Асхат Рыспаев «Жылдың үздік менеджері» төсбелгісіне ие болды.

АСХАТ РЫСПАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚОРҒАНЫС УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Бұл жүлде біздің  ұжымға  да, маған да үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Біз білім беру саласында және шетелдік әріптестікті дамыту бойынша одан әрі нәтижелі жұмыс істейтін боламыз.

Жүлдегерлер қатарында «Inter Press Shymkent» халықаралық тіл орталығы да болып, олар арнайы сыйлықпен марапатталды. 

АРДАҚЖАН ЖАКЕНОВА, «INTER PRESS SHYMKENT» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТІЛ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ағылшын тілінен сабақ беретін шымкенттік мұғалімдердің еңбегінің бағаланғанына өте қуаныштымыз және бұл жақсылықтың нышаны.

Үміткерлерді таңдау барысында Халықаралық номинациялық комитет білім берудің қолжетімділігін, сапасын ескерді. Сонымен қатар профессорлық-оқытушылық құрамның кәсібилігі, техникалық жасақталу деңгейі, халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысуы сынды көрсеткіштер бойынша бағалаған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер