Отансүйгіштік сезім туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады. Осы ретте «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынған «Туған жер» бағдарламасының мәні зор. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Осылайша, өлкетану өскелең ұрпақты тәрбиелеу құралына айнала алады, дейді Солтүстік Қазақстан облысы Соколовка ауылының мектебіндегі музейге жетекшілік ететін Наталья Огневая. Ол мұндағы әр жәдігердің сырын біледі. Білім ордасындағы музейді осыдан 45 жыл бұрын оның әкесі ашқан.

НАТАЛЬЯ ОГНЕВАЯ, СОКОЛОВКА АУЫЛЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП МУЗЕЙІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Тұрғындардың шарбағында, сарайында сақталған, бақша қазу кезінде табылған жәдігерлер бүгін осы музейдің сөресінде тұр. Біздің оқушылар тіпті кішкентай медальдарды да тастамай, музейге әкеледі. Құнды жәдігерлердің тұнған тарих екенін олар жақсы біледі.

Төрт залда 5 мыңға жуық жәдігер бар. Олардың басым бөлігі – Соколовка өңірі тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінде қолданған самаурын, тігін машиналары мен қару-жарақ секілді бұйымдар. Музей өміріне мектеп оқушыларының да қызығушылығы ерекше. Олар бос уақыттарын өлке тарихын тануға арнайды.

ӘЛІШЕР АМАНГЕЛДИНОВ, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:

 - Әрине қызық. Біз осы мұражайда өз ауылымның, елімнің даму тарихымен танысамыз. Мен де осы мәліметтерден біліп алып, басқа оқушылармен, достарыммен, маған жақын кісілермен бөлісуге ұмтыламын. Осы жер маған ұнайды. Мен мұнда көп уақыт өткіземін. Өйткені ол маған керек. Ол менің тарихым. Ол менің парызым.

Еліміздің оңтүстік өңірі де музей ісін дамытуға, өлке тарихын бір арнаға тоғыстыруға әбден ден қойыпты. Созақ ауданының тұрғыны Махажан Оспанов мектеп ішінен өлкетану музейін жасақтады. Шағын ғана музейде 1700-ден астам жәдігер бар. Тіпті мұнда шетелдіктер де жиі келеді. Көненің көзін қаз-қалпында сақтаған музейде X-XII ғасырға тән диірмен тастары бар екен. Сыры кетпеген асыл қазыналарды мектеп оқушылары сабақ барысында пайдаланады екен.

МАХАЖАН ОСПАНОВ, ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұл өзіміздің тұрған жеріміз тарихи жер. Себебі біз мұны білуіміз керек. Жерімізді, елімізді, суымызды білуіміз керек. Сол үшін жиналған дүние. Жәдігерлер бар, әлі жиналған жоқ түгелімен. Оларды Құдай қаласа кеңейтсек, қосуымызға болады.

Ұлттық сананың көкжиегін кеңейту, жас өрендердің танымын арттыру. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мақсаты – осы.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер