Астанада Елбасы төрағалығымен «Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» жалпыұлттық телекөпірі өтті. Шара барысында еліміз бойынша онлайн-режимде  инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық және агроөнеркәсіптік 25 нысан іске қосылды. Телекөпір кезінде көлік-логистикалық мүмкіндіктерімізді кеңейтуге бағытталған жобаларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Құрық портындағы автокөлік паром кешенінің базасында Түркия және Еуропа елдеріне жаңа бағыттар іске қосылды. Ал «Эйр Астана» компаниясы болса, Орталық Азиядағы ірі авиажөндеу кәсіпорнын құруды қолға алды. Бұған қоса, осы күні «Ақтау-Бейнеу» автокөлік бағытының «Ақтау-Шетпе» учаскесі пайдалануға берілді. Ал «Қазақстан Темір Жолы» компаниясының мамандары Шымкент қаласындағы мультимодальды көлік-логистикалық орталықтың құрылысы аяқталғанын жариялады. Осылайша, Қазақстан ел аумағында және одан тыс жерлерде заманауи көлік-логистикалық орталықтардың желісін құруды жалғастыруда. Республика Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағыттары бойынша жүк ағындарының тиімді бөлінуін қамтамасыз етуші мықты логистикалық хабқа айналып келеді.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - «Қорғас» құрғақ портын алайық. Бұл біздің Қытай төрағасы Ху Цзиньтао мырзаның бірлескен бастамамыз болатын. Құрық порты – еліміздің нақты іске асқан мүлдем жаңа жобасы. Паром өткелін аштық, биыл автокөлік паромын іске қостық, және Құрық порты Босфор арқылы Еуропаға қарай Құрық-Баку-Грузия-Түркия бағытының ашылуына толықтай дайын болды. Енді біз Қазақстанның теңізге, соның ішінде, Парсы Шығанағына шығар жолы бар деп айта аламыз. Бұдан өзге, осы жылдары автокөлік жолдарын көптеп салдық. Қазақстанда бұған дейін мұндай ауқымды жұмыстар жасалған емес.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер