Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдермен кездесті. Ақордадағы жиынға басты телеарналармен қатар, мерзімді баспасөз өкілдері толығымен жиналып, Ұлт көшбасшысына көкейдегі кез келген сұрақтарын қойып тұщымды жауап алуға мүмкіндік алды. Бір сағаттан астам уақытқа созылған мәні мен мағынасы бөлек бұл бас қосуда саясаттан бастап еліміздің ертеңіне дейінгі тақырыптар тілге тиек етілді. Әрине тілшілер қауымын толғандырған басты сұрақ күллі әлем көз тіккен ЕХРО көрмесі болды. Президент бұл орайда біз Қазақстанды аталған шараның арқасында дүйім дүниеге танымал еттік деп, шараға 4 млн жуық адам келгенін атап өтті. Ресми мәліметке сәйкес, ЕХРО павильондарын 185 елдің азаматтары тамашалаған. Елбасы осы орайда арнайы тұрғызылған ғимараттар көрмеден кейін де ел иігілігіне қызмет ететінін айтты.

 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Көрме бітті. Дегенмен қалған ғимараттар бекер қалмайды. Біздің павильонымыз үлкен шар ол қалады. Музей ретінде. Екі павильон екі үлкен павильон Қазақстанның қаржы орталығы болады. Бір павильонда Қазақстанның көрмесі болады жұмыс істейтін. Тағы бір нысанда ІТ-стартаптар технопаркі құрылады жастарға, ғалымдарға жаңалықтарды шығару үшін. Бір павильонында кішкентай балаларды жұмысқа, білімге тәрбиелейтін тәжірибе бар. Балаларды мамандыққа тәрбиелейді.

Қазақ қоғамында қызу талқыға түсіп жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесі де жан-жақты қаузалды.

 

ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІ, «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» РГ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Аса Мәртебелі Елбасы Сіздің «Егемен Қазақстанда» жарық көрген Рухани жаңғыруға бастайтын бағдарламалық мақалаңыздан кейін аса ауқымды істер жүзеге асып жатыр. Соның бірі әліпби өзгерту мәселесі, сананы сілкіндіретін, қоғамды өзгеріске бастайтын, Мәңгілік ел мұратын орнықтыратын тарихи тағдыршешті осы жобада нақты қадам жасалды. Жұртшылыққа әліпбидің жобасы ұсынылды. Қазір қоғам қызу талқылап жатыр. Парламентте тыңдау өтті. Көкейдегі сауал келесі қадам қалай болмақ?

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті: Өзің қолдайсың ғой соны?

Дархан Қыдырәлі: Әрине қолдаймыз.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Әнеукүнгі көрсеткен әліппені қоғам қолдап жатыр ма? Бәрі дұрыс па?

Дархан Қыдырәлі: Қазір қоғам қолдап жатыр, Мұның артықшылықтарын жайлы әртүрлі ойлар айтылып жатыр.

 

Латын әліпбиіне көшудің орындылығы елбасының рухани жаңғыру туралы мақаласында айтылған. Нұрсұлтан Назарбаев бағдарламаның басым бөлігі жастарға арналғанын айтты.

 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірінші жастарға айтатыным бүгінгі заманда білім керек, ғылым керек. Тек қана сауатты ел, білімге ұмтылған ел алдыңғы қатарлы ел болады. Жастарға айтатыным, өзімізде де оқытамыз, ішімізде де мектептерге көңіл бөліп жатқанымыз әр жерде. Интеллектуалдық мектеп, жаңадан университет, жаңадан салып жатқан мектептеріміз оған тынбай қаражатты да бәрін көбейте беруіміз керек. Сондықтан ең бірінші білім, екінші Қазақстанның жастары үшін отансүйгіштікті тәрбиелеу керек. Мына тәуелсіз Қазақстанды қолда ұстап тұру үшін Отанын сүю керек.

 

Журналистермен кездесуде халықаралық мәселелер де назардан тыс қалмады. Президент Солтүстік Кореяның құйтырқы әрекеттеріне тоқталып, бұл жайтқа қазақстан немқұрайлы қарамайтынын алға тартты. Сириядағы сергелдеңге де тоқталды. Президент соңғы жылдары аймақтардан 5 млн адам босып кеткенін тілге тиек етіп, 186 мың адамның жазықсыз мерт болғанына қынжылды. Осы ретте Қазақстанның бітімгершілік іс-қимылы оң нәтиже беретініне үміт білдірді. Бір жарым сағатқа жуық созылған баспасөз маслихатында 100 жуық тілші Президетке жеке дара тікелей сұрақ қойып, өзекті де қажетті ақпаратын алып тарқасты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер