Әлем экономикасының 10 пайызын бүгінде туризм саласы құрап отыр. Қазақстан да бұл секторды экономиканың тағы бір қозғаушы күшіне айналдыруды көздеп отыр. Елбасы Бурабай баурайында берген сұхбатында саладағы серпілісті бірнеше есеге арттыру қажеттігін айтты.

 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біздің есімізге ә дегенде не түседі? Қожа Ахмет Яссауидың кесенесі есіңе түседі. Арыстан баб түседі. Оның тарихы бар, легендалары бар. Отырар түседі айтайық. Батыс Қазақстаннан келсек, Маңғыстаудың өзі далада жатқан мұражай сияқты, даласы есімізге түседі. Атырауға келетін болсақ, Жайықтың бойындағы Алтын Орданың хандарының жатқан жері есіңе түседі. Орталық Қазақстанға келсек, Ұлытау қазақтың хандарының жиналған жері. Шығысқа барсақ, Берель қазіргі белгілі болып келе жатыр дүние жүзіне. Құндылықтарды қазып көрсетіп жатырмыз. Оңтүстікке барсақ Алтын адамның шыққан жерлері. Сондай-сондай дүниежүзіне көрсететін киелі жерлер бар.

Ұлы Жібек Жолы бойындағы Қазақстан қалалары, табиғаты ғажап қорықты жерлері саяхат және туризм нысандары болып есептеледі. Олар тарихи, мәдени-танымдық, сауықтыруға арналған, спорттық, діни болып түрлене береді. 

 

САПАР ЫСҚАҚОВ, САЯХАТШЫ:

 - Бізде баратын киелі жерлер көп. Ал енді қазіргі жұрттың баратын жері менің байқағаным, бірінші ол Түркістан,  онда барлық инфрақұрылым істелінді деп айтуға болады. онда ағылып жатқан туристер өте көп екен. 

 

Елімізде туризмді дамыту үшін қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайдың бәрі бар. Тәуелсіздік алған соң оларды жаңғыртуға бағытталған біраз шара қолға алынды. Әлі де атқарылар жұмыс аз емес. Жолдармен қатар, туристік аймақтарда сауда орындары мен денсаулық сақтау қызметтерін жетілдіру қажет.

 

ГҮЛБАРША МОЛДАХМЕТОВА, ТУРИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Туризм дегеніміз қонақтарды тек қарсы алып, орналастырып, шығарып салу ғана емес. Саланы дамыту үшін баға саясатын келушілерге ыңғайлы ету қажет, құндылықтарымызды жақсы жағынан көрсетуді үйрену керек. Ол үшін тұрмысымыз бен мәдениетімізді де дамыту маңызды.

 

2020 жылға дейінгі туристік саланы дамыту тұжырымдамасы аясында 5 аймақтық кластер анықталды. Оған Астана, Алматы, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстары кіреді. Елорда мен оңтүстік астана - бизнес-туризмнің даму орталықтары болып есептелсе, Шығыс Қазақстан экологиялық туризмді, ал Алматы қаласы тау туризмінің даму ордасы ретінде қарастырылады. Оңтүстік Қазақстан аймағы мәдени туризмді дамытатын болса, Батыс Қазақстан «жағажай» демалыс аумағы ретінде белгіленген. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер