Астанасы әлем жұртшылығын таңдай қақтырып, саяхатшылар ағылып жатқан қазақ елі рухани байлығын да жаңғыртуға көшті. «Өркениеті алға басып, экономикасы қарыштап дамып жатқан елдердің дені латын әліпбиін қолданады. Сондықтан, олармен тереземіздің тең болуы үшін біздің де латын қарпіне көшуіміз абзал». Бұл мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімовтың пікірі.

ОРАЛБАЙ ӘБДІКӘРІМОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

- Қай отбасыда болсын, балалары ағылшын тілін үйренуге бейім. Болашақта үштілділік деп жатырмыз. Соның ішінде латын әліпіне көшсе, олда жеңіл болады. Тіл игеруге. Сосын басқа ұлт өкілдеріне де, осы қалаға келгенде барлық жарнамалар латын әліппесінде оқитын болса, онда ешқандай проблема туғызбайды дегенім ғой, қарым-қатынаста аралағанда туристерге.

Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың бір тармағы. Экономикасы даму жолына түскен саясаты сындарлы еліміз үшін енді рухани түлеу кезеңі туды. Осы сәтте латын әліпбиіне көшу болашағымыз үшін маңызды,-дейді ұлт зиялылары. Қазір әлемнің 21 елі латын әліпбиін қолданады. Рухани жаңғыру жөніндегі комиссия латын әліпбиіне көшуге байланысты 100-ден аса ұсынысты қараған. Енді бұл ұсыныстар екшеліп, жылдың аяғына дейін мемлекет басшысына латын әліпбиінің нұсқасы ұсынылмақ.

УӘЛИХАН ҚАЛИЖАН, М.ӘУЕЗОВ АТ. ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Латын әліпбиі қазір қазақ халқы үшін қажеттірек. Өйткені, біз әлемдік қауымдастыққа кіріп отырмыз. Біз үлкен әлеуетті елдердің қатарына қосыламыз деп жатырмыз. Яғни, компьютер тіліне келгеннен кейін біз латын әліпбиін қалайда пайдалануға мәжбүр боламыз. Сондықтан, заманның сұранысына орай, жаһандану дәуіріне сәйкес біз латын әліпбиіне көшетін боламыз.

Рухани жаңғыру аясында қолға алынған «Туған жер» бағдарламасының да маңызы зор, дейді зиялылар. «Қазірден бастап мектепте балаларға өз ауылы, ауданы мен өлке тарихын оқытуымыз қажет. Өйткені, жастардың көбі өздері туып-өскен аймақтардағы ауылдардың өзен-көлдер мен сай-саланың аттарын, тарихын біле бермейді»,-дейді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді.

МӘМБЕТ ҚОЙГЕЛДІ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:

- Рухани жаңғыруды Туған жерден бастауды ұсынып отыр. Туған жердің қадір, қасиетін түсінуден бастауды ұсынып отыр. Оның тарихын, байлығын, әрбір ауылдың тұрғындары, жалпы жас ұрпақ біліп өссе ол әрине қоғам үшін, мемлекет үшін пайдалы болар еді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер