Елбасы Жолдауы: «Жасыл» энергетиканы дамыту

Қазақстанның табиғи және ресурстық әлеуетін дамытуы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы осы мәселелердің маңыздылығын Украинаның баламалы қуат көздерін өндіретін сарапшылары атап өтті. Осы елдің энергетикалық кооперативінің басшысы Сергей Гриннің айтуынша, біздің елде «жасыл» энергетиканы дамытуға мүмкіндік мол.

СЕРГЕЙ ГРИН, УКРАИНА БІРІНШІ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазақстан Президентінің, жалпы, сіздің елдің баламалы қуат көздеріне қатысты ұстанымдарыңыз ұнайды. Астанада өткен болашақ энергиясына арналған халықаралық көрме көпшілікке үлгі тұтарлық оқиға болды. Қазақстанның жер мен күн қуатын пайдалануға мүмкіндігі зор. Бұл саланы мемлекет мықтап қолға алатын болса, қуат көздеріне деген қажеттілікті толық өтеп, экономиканы дамытудың жаңа жолын айқындап алар еді.

Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінде табиғи ресурстар елеулі рөл атқарады. Италияның Еуразиялық зерттеулер институтының басшысы  Франко Фраттини осылай дейді. Кезінде елдің сыртқы істер министрі болған қайраткердің пайымдауынша, «жасыл технологияға» инвестиция салу - бүгінгі күннің қажеттілігі. 

ФРАНКО ФРАТТИНИ, ИТАЛИЯНЫҢ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Энергия көздерін әртараптандыру, оларды зерттеу мен дамыту – бүгінгі күннің қажеттілігі деп есептеймін. Сонда ғана ол мемлекеттің қарыштап дамуына жағдай туғызады. Қазақстандағы энергия ресурстары көпке жететініне қарамастан, баламалы энергия көздері туралы қазірден бастап ойланған дұрыс.