Президент Жолдауы Ташкентте талқыланды

Президент Жолдауы Ташкентте талқыланды

Елбасы жолдауы ұлттық сипатта ғана емес аймақтық мәнге ие. Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев ташкенттік жастарға биылғы жолдаудағы ондағы он бағытты егжей-текжейлі баяндап берді. Қазақстан ақпараттық технология көмегімен білім беруге басымдық бермек. Ол үшін төл әліпби латын қарпіне толығымен өтеді. Ал қолданбалы ғылыми-зерттеулер ағылшын тіліне біртіндеп көшіріледі. 

ЕРІК ӨТЕМБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ :

 - Жастар Елбасы жолдауындағы негізгі басымдықтарға мейлінше қызығушылық танытты. Онда айтылған үлкен міндеттердің орындалуы мен ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға ықыласты болып отыр. Өйткені Өзбекстаннның латын әліпбиі бойынша жинақтаған тәжірибесі мол. Олар бұл бағытта халықаралық сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді. Елбасының идеясы мен алға қойған міндеттері ұлттық сипатта ғана емес аймақтық мәнеге ие. Бүкіл Орталық Азия елдеріне үлкен сұранысқа ие ойлар.

Жолдауда жас ғалымдарға мемлекет тарапынан квота бөлініп, оларды қолдаудың жүйелі саясаты жүргізілетіні айтылған. Бұл «қоғам идеалы» болудың алғы шарттары. Сонымен қатар, білім саласындағы үздік оқытушының сабағымен интернет желісінде танысуға мүмкіндік беріледі. Бұл басымдықтар көрші елдегі студенттердің қолдауына ие болды. Енді тек ел ішіндегі байланыс нығайып қоймай, екі ел арасындағы жарастық жақсармақ. Келешекте қазақ-өзбек жастарының өзара байланысын арттыру мақсатында арнайы экспедиция ұйымдастырылады. Бұл шара түркі жұртының рухани астанасы Түркістаннан басталып Өзбекстан өңірінде жалғасын табады.

ШАХНОЗА БАЗАРБАЕВА, Ә.НАУАИ АТЫНДАҒЫ ТАШКЕНТ МЕМЛЕКЕТТІК ӨЗБЕК ТІЛІ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТІ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

 - 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасы толыққанды латын әліпбиіне көшуі тиіс. Яғни сол жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиінің нақты  кестесі жасалады. Маған Жолдауда  көтерілген осы мәселе қатты ұнады.Өйткені қазір технология мен техниканың  дәуірі. Дүниеде ағылшын тілі жетекші рөлге ие болып отыр. Латын жазуын үйрену арқылы дүние көшіне ілесіп, жарқын болашаққа жол ашылады.