10-11 қазанда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі өтеді

Бірлігі жарасып, ынтымағы келіскен Ұлы дала елінде жер-жаһан руханияты мен өркениеті тағы тоғысады. Достықтың жарқын үлгісіне айналған Арқа төрінде кезекті рет әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі өтеді. «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» деген айдар тағылған отырыс қазан айының 10-11 күндеріне жоспарланған. Бұл жолы отырыс қатысушыларының шекарасы кеңейіп отыр. Оның жұмысына барлығы 80-нен астам делегат 42 елдің діндер көшбасшылары, мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, беделді саяси, ғылым және қоғам қайраткерлері қатысады деп күтілуде.

ЕРЖАН АШЫҚБАЕВ, ҚР СЫРҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Сербия президенті, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Еуропаның ынтымақтастық және қауіпсіздік бойынша ұйымы сынды халықаралық, аймақтық әлемнің ірі деген ұйымдардың басшылары Съезге қатысатындықтарын растады. Бас қосуға алғаш рет Өзбекстан, Сингапур және Вьетнам елдерінің делегациялары ат салысатын болады. Жиынға қатысатын діни қоғамдастықтардың қатары да жаңарып, толыға түсуде. Христиан әлемінің ең көне Коптск шіркеуінің өкілдері Съезге қатысуға ниет танытып отыр.

Халықаралық жиында жаһандық сын-қатерлерге арналған секциялық отырыстар өтетін болады. Олар «Манифест «Әлем. ХХІ ғасыр» жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде», «Құбылмалы геосаясаттағы дін: адамдарды шоғырландыруға арналған жаңа мүмкіндіктер», «Дін және жаһандану», «Экстремизм және терроризммен күрестегі діни лидерлер мен саяси қайраткерлер» атты 4 негізгі бағыт бойынша өткізілмек.

БЕРІК АРЫН, ҚР ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

-  Дін атын жамылып өзінің экстремистік, террористік мақсаттарда дінді пайдаланғысы келетін ұйымдар, қозғалыстар бар. Қатысушылар мен дінбасылар бұл жерде діндердің бейбітсүйгіштік қасиетін, мәнін түсіндіреді. Және мемлекеттермен бірге осы терроризм мен экстремизм мәселелерінің алдын алу және оларға қарсы қалай күресу, сол жолда қалай күш-жігерді біріктіру керек, осы мәселелер төңірегінде пікір алмасатын болады.

Форум аясында Бейбітшілік және келісім мұражайын ашу көзделген. Сондай-ақ, жиын барысында Дінаралық сабақтастыққа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығы және көрнекті діни, қоғам және саяси қайраткерлерге Съездің Құрмет медалін табыс ету жоспарланып отыр. Дәстүрге сай тоқсан ауыз сөзді түйіндейтін отырыстың  қорытынды декларациясы қабылданады.