Қазақстан әлемдік аренада

Қазақстан әлемдік аренада

Қазақстан халықаралық мәселелердің түйінін тарқату ісіндегі белсенді ел ретінде ешқашан саяси сахнаның сыртында қалған емес. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-інші сессиясында еліміздің халықаралық түйткілдерге қатысты позициясын жоғарғы мінберден білдірді. Біздің еліміз БҰҰ-ның пікіралмасу алаңында көпжақтылық тұрғысында  жаңа әлемдік тәртіптің жалпы кескінін талқылау қажет деген тарапты ұстанды. Ұйымның Жарғысында көрсетілген құндылықтарға қатысты жалпыға бірдей міндеттемелерді мақұлдау  маңызды. Сонымен қатар Қайрат Әбдірахманов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде жазылғандай, Қазақстанның бейбітшілік қағидаттарын ұстанатынын алға тартты. Қазақстандық форин офис басшысы Президенттің ядролық қаруға қарсы бастамаларының маңыздылығын тілге тиек етіп,  азат аймақ құру мен ынтымақтастықты нығайту басымдықтарына да тоқталып өтті.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ , ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - 2050 жылға қарай Қазақстан экономикалық көрсеткіштері ашық басқару тұрғысынан жоғары әлемдік стандарттарға жауап беретін, дамыған 30 елдің қатарына кіруді жоспарлап отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында IV өнеркәсіптік революция жағдайында экономикалық дамудың жаңа моделін ұсынды. Бұл бастама индустрияландыру, агроөнеркәсіп кешеніндегі тиімділікті арттыру, жаңа технологияны қолдану, көлік және логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру және қаржы секторын, сондай-ақ жаңашылдықтың негізі ретінде адами капиталдың негізі ретінде жаңғыртуға бағытталған. Елбасы айтқандай, іске көшу керек. Ойымыз бен өмірімізді өзгертетін уақыт жетті.

БҰҰ-ның Венадағы штаб-пәтерінде қазақстандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үлгісі таныстырылды. Елімізден барған өкілдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, осы саладағы стратегия туралы айтты. Сонымен қатар бизнес пен инвесторларды қорғау жөніндегі жобаның таныстырылымы болды.

ҚАЙРАТ САРЫБАЙ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АВСТРИЯДАҒЫ  ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Тұрақты даму дұрыс басқару мен заң үстемдігі орындалған кезде мүмкін болады. Және ол дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.  Мұның барлығы жемқорлықтан азат әлемді қалыптастыруды көздейді, сондықтан оның маңыздылығына мән артқан елдер осы жерде жиналып, бір-бірлерімен пікір алмасады. Қазақстанның түрлі халықаралық ұйымдар мен форумдарға қатысуы, халықаралық тәжірибе алуы, өз жемісін береді, біз өзгелерден үйреніп қана қоймаймыз, сонымен қатар біздің мемлекеттік органдар осы тұрғыда қол жеткізген жетістіктерін де көрсетеді.

Халықаралық жемқорлыққа қарсы академия келелі басқосуды келесі жылы Астанада өткізу жөнінде шешім қабылдады. Бұл әлемдік қауымдастық біздің елде жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан шараларға жоғары баға беріп отыр деген сөз.

АНДРЕЙ МУНТЯН, ЕҚЫҰ БЮРОСЫНЫҢ ЭКОНОМИКА БОЙЫНША АҒА КЕҢЕСШІСІ:

 - Қазақстанда жасалып жатқан шаралар бізді шынымен де таңғалдырды. Бұл кездесу Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және саясаттағы қажырлы жұмыстың озық тәсілдерін қолдануының нәтижелілігін тағы біл дәлелдеді. Менің ойымша, енді осы іс жүзінде қолданылған тәжірибені басқа елдерде де қолдану керек. Әрине, бұл оңай жұмыс емес. Бірақ, тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін бұл қадам өте маңызды.

Брюссельде отандық депутаттар адамзаттың жаһандық сын-қатерлер мәселелерін талқылады. «Азия-Еуропа» мемлекетаралық форумында парламентарийлер ауа-райының өзгеруі мен экологиялық мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтаудағы еліміздің тәжірибесі де – көпке үлгі тұтар іс болған. Қазақстан осы мәселелерді бірлесіп шешуге Дүниежүзілік банк пен Еуропаның қайта құру және даму банкінің назарын аударды.

ИВЕТА ГРИГУЛЕ,  ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІМЕН ЫНТЫМАҚТАСУ ЖӨНІНДЕГІ ЕП ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Қазақстан экологиялық мәселелерді шешудегі өз тәжірибесімен бөлісе алады. Осының бір мысалы – Арал теңізі. Оның солтүстік бөлігін аман сақтап қала алдыңдар – теңіз қайта балыққа толып, балықшы қауым да орала бастады. 

Қазақстан әлем алдындағы жоғары атақ-беделін жаһандық ядролық қарусыздану мәселесіне қатысты бастамасының арқасында алды. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда еліміз – халықаралық бітімгершілік елшісі іспеттес. Қазірдің өзінде Қазақстан біртіндеп өзге де салаларда көшбасшылық сипат алып келеді.